Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйлеп, отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың араласуы керегін сөз етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
– Маған бүгінде 50-ден астам инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімдеді. Жалпы көлемі 2 триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.
Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек. Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет, – деді Президент.
Оның айтуынша, мұның маңызы зор.
– Өйткені, Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.