Халықаралық ынтымақтастықтың әлеуеті зор

Президент Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отырған­дықтан, бұл сапардың маңызы ай­рықша екенін айтты.

– Бұл уақиға Қазақстан мен Гон­конг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары дең­гейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция, инновация, технология және халық­аралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Пре­зидент бұл сапар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге және инвестиция, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика бағыттарында бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыруға жол аша­тынына сенімді екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станға салмақты бизнес-деле­гациямен бірге келгені үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді. Бұл Гонконг іс­кер­лік қауымдастығы елімізбен ын­ты­мақ­­тастықты арт­тыруға үлкен қы­зы­ғу­шылық танытып отыр­ғанын байқа­тады.

Джон Ли қонақжайлық көрсеткені үшін Президентке алғыс айтып, Гон­конгтың Қазақстанмен кешенді ық­пал­дастықты одан әрі тереңдетуге да­­йын екенін растады.

– Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен шетелге шыққан делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, «жа­сыл» энергетика, тау-кен өнер­кәсібі, инновация мен технология және білім беру сияқты басты сала­ларда еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді, – деді Джон Ли.

Гонконг Әкімшілігінің Басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақ­станда көтерілген «Бір белдеу, бір жол» бастамасы екі ел арасындағы берік әрі дос­тық байланыстардың жарқын кө­рінісіне айналғанына тоқ­талды.

Оның айтуынша, Қытай Халық Республикасының арнайы әкімшілік ауданы саналатын Гонконг аталған бастаманы ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Сонымен қатар өңіраралық байланыстардың кеңеюі қалаға елеулі артықшылық береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар нақты мәселені талқылап, сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға өзара мүдделі еке­нін растады.