Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 супертурнирінің бесінші турынан кейін турнирлік кестеде екінші орынға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ослода өтіп жатқан беделді жарыстың бесінші турында Асаубаева украиналық гроссмейстер Анна Музычукпен классикалық партияда тең ойнады. Алайда жеңімпазды анықтаған армагеддон форматындағы тай-брейкте қарсыласына жол берді.
Ақ тастармен ойнаған Анна Музычук 35 жүріс бойы қазақстандық шахматшының қорғанысын бұза алмады. Нәтижесінде тараптар тең нәтижеге келісіп, қосымша армагеддон партиясында бақ сынады.
Шешуші кездесуде әлемнің үздік блиц шахматшыларының бірі саналатын Анна Музычук үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны 44-жүрісте жеңді.
Бұл нәтижені үндістандық Дивья Дешмух тиімді пайдаланды. Ол қара тастармен қытайлық Чжу Цзиньэрді жеңіп, үш ұпайға қол жеткізді.
Бес тур қорытындысы бойынша Дивья Дешмух турнирдің жеке көшбасшысына айналды. Ал Бибісара Асаубаева екінші орынға сырғыды.
Алтыншы турда қазақстандық шахматшы ақ тастармен үндістандық Хампи Конерумен кездеседі. Өз кезегінде көш бастап тұрған Дивья Дешмух қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен ойнайды.
Айта кетейік, Norway Chess Women – әлемнің ең үздік шахматшыларын жинайтын ең беделді халықаралық турнирлердің бірі.