ПСЖ клубы Чемпиондар лигасын ұтқан соң, жанкүйерлер көшедегі көлікті өртеді

Чемпиондар лигасының финалынан кейін Парижде жаппай тәртіпсіздік басталды.

«Пари Сен-Жерменнің» жеңісін тойлауға шыққан мыңдаған жанкүйер қала көшелерін дүрліктіріп, бірқатар жерді қиратуға жол берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Куәгерлердің айтуынша, жанкүйерлер жолдағы қоқыс жәшігі мен көлікті өртеп, аялдамалар мен дүкендердің витринасын сындырған. Әсіресе Париждің басты көшелерінің бірі Елисей алаңында жағдай күрт шиеленіскен.

Билік өкілдері матч қарсаңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шамамен 8 мың полиция қызметкерін жұмылдырған. Дегенмен бұл тәртіпсіздіктің алдын алуға толық мүмкіндік бермеді.

Француз БАҚ-тарының мәліметінше, футбол жанкүйерлеріне түрлі радикалды топтардың өкілдері қосылып, полициямен қақтығысқа түскен. Тәртіпсіздік кезінде кейбір адамдар қымбат бутиктерді тонап, көшелерде бейберекетсіздік орнатқан.

Оқиға салдарынан қала орталығындағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылып, бірнеше метро станциясы жабылды. Құқық қорғау органдары жағдайды тек таңға жуық бақылауға ала алды.

Қақтығыстар барысында жеті полиция қызметкері жарақат алып, 400-ден астам адам ұсталған.