Атырауда Оқу-өндірістік комбинат ашылды

Атырауда «Сервис» колледжінің базасында даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған алғашқы Оқу-өндірістік комбинаттың (ОӨК) салтанатты ашылуы өтті.

Атыраудағы Оқу-өндірістік комбинат  Bolashak Charity  қоғамдық қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының демеушілік қолдауымен ашылды. Жоба 2024 жылдан бері Bolashak Charity  қоғамдық қоры тарапынан «AMANAT» партиясы мен жергілікті әкімдіктердің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

ОӨК-де «Кондитер», «Наубайшы», «Тігін ісі» бағыттары бойынша аутизмі, Даун синдромы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, зияткерлік және мінез-құлық ерекшеліктері бар 14 пен 30 жас аралығындағы 30 жас білім ала бастады. Оқу тұрмыстық, әлеуметтік және кәсіби дағдыларды дамытуға, дербестікті арттыруға және алдағы тағылымдамадан өтуге, колледжге түсуге және жұмысқа орналасуға дайындыққа бағытталған. Оқу 9 ай бойы жалғасады. Курсты аяқтағаннан кейін білім алушылар мемлекеттік үлгідегі куәліктер алады. Сондай-ақ ерекше оқушылардың тиімді білім алуына жағдай жасау үшін колледжде  Bolashak Charity  қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жабдықтаған сенсорлық демалыс кабинеті ашылды.

Атыраудағы ОӨК қатысушыларының көбі жалпы білім беретін және түзету мектептерінде оқиды, ал бір бөлігі үйде білім алады. Даму ерекшеліктеріне қарамастан, балалар шығармашылықта, спортта және әлеуметтік өмірде белсенділік танытып келеді. Олардың қызығушылықтары мен дағдыларының қатарында би, театр, вокал, футбол, жүзу, IT, модельдеу, қолөнер, аспаздық және актерлік шеберлік бар. Кейбір қатысушылар шығармашылық және спорттық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып саналады.

Оқу-өндірістік комбинат — ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға, практикалық дағдыларын дамытуға, әлеуметтендіруге және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталған әлеуметтік жоба. Жоба 2024 жылдан бері  Bolashak Charity  қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жобаның географиясы Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларын қамтиды. 2024 жылдан бері ОӨК аясындағы оқытумен барлығы 133 қатысушы қамтылды. Олардың ішінде 14 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29 қатысушы колледждерге оқуға түсті.

Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну. Бағдарламаға 14 жастан бастап жасөспірімдер, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар жастар, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары, жеңіл және орташа деңгейдегі зияткерлік бұзылыстары, психикалық дамудың тежелуі, Даун синдромы, ЗЖГБ және басқа да ерекшеліктері бар қатысушылар қатысады.

ОӨК-дегі оқу 8-10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі практикалық бағытта жүргізіледі: сабақтар колледждердің базасында, оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалану арқылы өтеді. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлардан тұратын пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және сабақтардың құрылымдалған режимі қолданылады, бұл оқытудың тұрақтылығын арттыруға және қатысушылардың мазасыздығын төмендетуге көмектеседі.

Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар,  Bolashak Charity қоғамдық қорының, «Теңізшевройл» компаниясының, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының, «AMANAT» партиясы филиалының өкілдері, журналистер мен блогерлер қатысты.

«2015 жылдан бері біздің қор аутизмі және менталдық дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Сол кезде біз елдегі мектептер мен балабақшаларда алғашқы инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Уақыт өте келе біздің оқушыларымыз есейді  және алдымызда келесі маңызды мәселе — даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқыту мәселесі тұрды. Осылайша, 2024 жылы “Оқу-өндірістік комбинаттар” жобасы пайда болды.

Биыл көктемде Атырау облысы  қоғамдық ұйымдарының өкілдері қордың қызметімен танысып, “Теңізшевройл” компаниясына демеушілік қолдау көрсету туралы өтінішпен жүгініп, Атырауда ОӨК ашуды ұсынды. Біз компанияға сенімі мен қолдауы үшін алғыс білдіреміз: осы қолдаудың арқасында бүгін даму ерекшеліктері бар тағы 30 жасөспірім мен ересек мамандыққа бастайтын жолын бастап отыр.

Біз үшін инклюзияны жүйелі түрде дамыту маңызды — тек елордада ғана емес, өңірлерде де. 2018 жылы біз Атырауда мектептердегі алғашқы инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық, ал бүгінде сол кабинеттердің түлектері кәсіби дағдылар алу үшін ОӨК-ге келіп отыр. 2024 жылы біздің қор Атырауда аутизмі, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған алғашқы инклюзивті футбол секциясын ашты, бүгінде онда 11 жасөспірім жаттығады. Біздің жобаларымыз өңірде әрі қарай да белсенді дамиды деп сенеміз және әлеуметтік кәсіпкерлер мен бизнесті менталдық даму ерекшеліктері бар адамдардың тағылымдамадан өтуі және жұмысқа орналасуы бағытында ынтымақтастыққа шақырамыз», — деді  Bolashak Charity  ҚҚ директоры Азамат Божақ.

“Теңізшевройл” үшін мұндай бастамаларды қолдау – инклюзивті қоғамды дамытуға қосылған маңызды үлес. Біз әр адамның сапалы білім алуға, лайықты еңбек етуге және қоғам өміріне толыққанды араласуға мүмкіндігі болуы тиіс деп сенеміз. Біз  Bolashak Charity қорымен серіктестігімізді жоғары бағалаймыз және жоба қатысушыларына сәттілік, өз күшіне сенім және жаңа жетістіктер тілейміз”, – деді “Теңізшевройл” ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев. 

«Аталған бастамалардың жүзеге асуына партия тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға «AMANAT»  партиясы басшылығы ерекше назар аударып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарға қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау бағытындағы жобалардың тиімді іске асуына үлес қосып келеді», –  деп айтты Атырау облыстық мәслихат депутаты Фатима Тулеева.

 Bolashak Charity қоғамдық қоры 2018 жылдан бері Атырау облысында инклюзивті білім беруді жүйелі түрде дамытып келеді. Қордың өңірдегі алғашқы жобасы Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 жалпы орта мектепте Инклюзияны қолдау кабинетінің (ИКҚ) ашылуы болды. 2019-2021 жылдары қордың ИКҚ үлгісі бойынша жергілікті белсенділердің бастамасымен және бизнестің қолдауымен №3 мектеп-гимназиясында және №24 жалпы орта мектепте де ИКҚ ашылды. Қор үш инклюзияны қолдау кабинетіне әдістемелік кураторлық жүргізді, сондай-ақ өз қаражаты есебінен мамандарды оқытуды ұйымдастырды.

Атыраудағы жаңа «Оқу-өндірістік комбинат» жобасына қатысушылардың бір бөлігі — бұрын қор кураторлық еткен ИКҚ түлектері: Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 жалпы орта мектептен 5 адам, №24 жалпы орта мектептен 2 қатысушы және №3 мектеп-гимназиясынан 2 қатысушы.

«ОӨК жобасы даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге мектептен кейін оқуын жалғастыруға, үйде қалып қоймай, әлеуметтік ортаға қосылуға: қарым-қатынас жасауға, жаңа нәрселерді үйренуге, шығармашылықпен айналысуға және өз әлеуетін біртіндеп ашуға мүмкіндік береді. 8-сынып оқушылары үшін ОӨК-ге қатысу кәсіби сынаманың маңызды кезеңіне айналады. Бұл — алдағы уақытта оқуға түсу кезінде қандай қиындықтар туындауы мүмкін екенін алдын ала түсінуге, баланың мықты жақтарын көруге, қызығушылықтарын бағалауға және колледжді немесе өзіне қолайлы басқа саланы саналы түрде таңдауға дайындалуға мүмкіндік.

Инклюзияны қолдау кабинеттері мен оқу-өндірістік комбинаттар арасында сабақтастықтың қалыптасуы ерекше маңызды. Біз ИКҚ-дегі оқыту көптеген балалар үшін кейін мамандықты меңгерудің іргетасына айналғанын көріп отырмыз. Ол жерде олар табысты оқуға қажетті базалық дағдыларды алды: топта жұмыс істеу, күту, фронтальды нұсқауларды орындау, педагогтермен және құрдастарымен өзара әрекеттесу. Мұның бәрі — өмірлік маңызды дағдылар, оларсыз кәсіби оқыту әлдеқайда күрделі болар еді. Сондықтан ИКҚ-ны баланың келесі кезеңге — кәсіби және әлеуметтік дағдыларды алуға өтуіне көмектесетін негіз ретінде қарастыруға болады», — деді   поведенциялық аналитик, мінез-құлық бағдарламаларының супервизоры, педагог-психолог, дефектология магистрі Екатерина Таженова.

Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 жалпы орта мектеп оқушысы  Абдурахим Тұрғамбайдың анасы Самал Жұмашева былай дейді:

«Менің ұлым Абдурахим 2019 жылдан бері бірінші сыныптан бастап,  Bolashak Charity қоғамдық қоры ашқан №6 мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінде оқып келеді. Оқу педагог-ассистенттердің қолдауымен бейімделген бағдарлама бойынша өтеді. Біздің отбасымыз үшін ИКҚ маңызды тірекке айналды: ұлым педагогтермен және сыныптастарымен өзара әрекеттесуді үйренді, мектеп ортасына бейімделді және өз қабілеттерін аша алды.

Абдурахим — талантты бала: оның музыкалық қабілеті бар, республикалық конкурстарда жүлделі орындар алады, жақсы оқиды, әсіресе математикаға бейімі бар. Биыл ол 8-сыныпты аяқтады, ал ОӨК жобасы біз үшін жаңа бағытты байқап көруге үлкен мүмкіндік. Ұлым кондитерлік істі оқитын болады  және біз оның пайдалы дағдылар алып, дербес өмірге қарай келесі қадам жасайтынына үміттенеміз. Ана, белсенді ата-ана және әлеуметтік кәсіпкер ретінде мен мұндай жобалардың біздің балаларымыз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мен үшін балаларымызда мектептегі қолдаудан кәсіби оқытуға және болашақта өзін жүзеге асыруға дейінгі жолдың жалғасы пайда болғаны ерекше құнды».

 Bolashak Charity  қоғамдық қоры

Қор 2011 жылдан бері дарынды жастарды қолдау, аутизмі және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Қор Қазақстан бойынша 90-нан астам мамандандырылған оңалту мекемелері мен кабинеттерді, оның ішінде Қазақстанның 24 қаласында 80 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. Жобамен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 000-нан астам бала қамтылды, оның ішінде 1 000-нан астам бала үйде оқытудан шығарылды.

Инклюзивті білім беру саласында 800-ден астам жаңа мамандандырылған жұмыс орны құрылды. 5 000 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтті. Балалар үйлеріндегі 2,5 мыңнан астам бала қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.

Қордың инклюзияны қолдау кабинеттері Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша эксперименттік алаңдар желісіне енгізілген. Ел бойынша қордың инклюзияны қолдау кабинеттері моделінің үлгісімен 1 500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

Инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде заңнамалық актілерге 120-дан астам сапалы ұсынымдар мен түзетулер енгізілді. Қор ҚР Парламенті Сенаты, «AMANAT» партиясы және министрліктер жанындағы инклюзияны дамыту мәселелері бойынша жұмыс топтарының қатысушысы болып саналады.

Қор ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу бойынша педагог-ассистенттерге арналған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы мінез-құлық технологиялары: диагностика, оқыту және қолдау стратегиялары» оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінде Қазақстанның 17-ден астам өңірі мен Орталық Азия елдерінен 4 000-нан астам маман оқытылды.