Алматыдағы үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот болып жатыр

Сот отырысына тараптардың адвокаттары, қаза тапқандардың туыстары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алматыда наурыз айында үш адамның қазасына себеп болған Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот отырысына тараптардың адвокаттары, қаза тапқандардың туыстары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, айыпталушы көлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Сондай-ақ ол жалған мемлекеттік нөмір таққан көлікпен жүрген.

Прокурордың айтуынша, жүргізуші Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатып, жоғары жылдамдықпен қозғалып, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірген.

– Жүргізуші сағатына 80 шақырымнан жоғары жылдамдықпен келе жатып, кейін қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан шығыс бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан, – деді прокурор.

Сараптама қорытындысына сәйкес, айыпталушының орта дәрежеде мас болғаны анықталған. Сонымен қатар Zeekr көлігінің қарсы жолаққа шыққан сәттегі жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жетуі мүмкін болған.

Айыпталушы істі алқабилер сотының қарауынан бас тартты.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болған еді. Полиция мәліметінше, Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.