Елдегі 2 700-ден астам полигонның 20 пайызы ғана санитарлық талаптарға сәйкес келеді – Еділ Жаңбыршин

Қазақстанда жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат шығарса, қатты тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 5 миллион тоннаға жеткен.

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі  Еділ Жаңбыршин экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасын ұсынып, экологиялық сапа нормативтерін әзірлеу мерзімін 2030 жылға дейін ұзаратынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, елдің экология мәселелері әлдеқашан тар шеңбердегі мамандандырылған тақырып болудан қалған. Бұл – азаматтардың өмір сапасы, халық денсаулығы, елдің инвестициялық тартымдылығы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе.

– Бүгінде елімізде шешімін әлі толық таппаған күрделі экологиялық проблемалар бар. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат шығарылса, қатты тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 5 миллион тоннаға жеткен. Экологиялық тұрғыдан проблемалы нысанның саны – 1 580. Елдегі 2 700-ден астам полигонның 20%-ы ғана санитарлық талапқа сәйкес келеді. Ал EPI-2024 Экологиялық тиімділік индексі бойынша Қазақстан қалдықтарды басқару бағытында 180 елдің ішінде 99-орында тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына ауқымды стратегиялық міндеттер қойды: 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, экологиялық тұрақты дамуды қамтамасыз ету, орман алқаптарын ұлғайту және елді мекендерді көгалдандыру. Бұл – жай ғана экологиялық ұран емес. Бұл – Қазақстанның жаңа экономикалық даму моделінің негізі. Алайда мұндай міндеттерді іске асыру үшін заманауи, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін заңнамалық база қажет.  Еділ Жаңбыршин осыған байланысты Заң жобасы депутаттардың бастамасымен экологиялық заңнаманы жетілдіру, реттеудегі жүйелі олқылықтарды жою, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ экологиялық бақылау мен қалдықтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мақсатында әзірленгенін жеткізді. 

Депутат жеті блоктың әрқайсысына жеке тоқталып өтті. 

Бірінші блок – қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстар туралы деректерді цифрландыру. Қолданыстағы Экологиялық кодексте Қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстар жөніндегі ұлттық деректер банкі көзделген. Алайда ондағы ақпарат шашыраңқы болды, ал көптеген процестер бірін-бірі қайталап келді. 

Осыған байланысты депутаттар аталған жүйенің функционалын жаңғыртуды ұсынады. Біріншіден, деректерді шоғырландыру және бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыру көзделеді. Енді Ұлттық деректер банкі жай ғана интеграциялық алаң болмайды. Оның құрамына негізгі кадастрлар мен тізілімдер енгізіледі. Бұрын операторлар есепті әртүрлі ішкі жүйелерге ұсынатын болса, енді барлық ақпарат бірыңғай Ұлттық деректер банкі арқылы ұсынылады. Бұл – бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және цифрландыру тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Екіншіден, жүйе құрамына эмиссияларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау бойынша есептілік міндетті түрде енгізіледі. Үшіншіден, Ұлттық деректер банкін жүргізу уәкілетті органға қарасты ведомстволық ұйымға бекітіледі. Осылайша, мониторингтің нақты деректері бірыңғай жүйеге шоғырландырылады. Бұл экологиялық есептілікті жасыруға, мәліметтерді бұрмалауға және ведомствоаралық алшақтықтарды пайдалануға жол бермейді.

Екінші блок– көміртектік офсеттер және климаттық тұрақтылық. Париж келісімі аясындағы міндеттемелерді орындау үшін парниктік газдарды сіңіру көлемін едәуір арттыру қажет. Алайда қазіргі таңда бизнес үшін орман отырғызуға немесе тозған жерлерді қалпына келтіруге инвестиция салудың тиімді экономикалық ынталандыру тетіктері жеткіліксіз.

Заң жобасы орман және жайылым көміртектік офсеттері ұғымдарын енгізеді. Инвесторлар мемлекеттік орман қоры жерлерінде және босалқы жерлерде жаңа ормандар отырғызу мақсатында орман иеленушілермен тікелей шарттар жасай алады. Осындай жобалар нәтижесінде алынған көміртек бірліктері нарықта сатылуы мүмкін. Сонымен қатар олардың бір бөлігі Қазақстанның жалпыұлттық айқындалған үлесіне есепке алынады. Бұл – жеке капиталды тарту арқылы Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған нақты тетік.

Үшінші блок – заңсыз қоқыс орындарын жою және қалдықтарды басқару. Заңсыз қоқыс орындары көптеген өңірлер үшін созылмалы мәселеге айналды. Қазіргі таңда оларды жою тетігі нақты айқындалмаған.

Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты шекті тарифтер орталық деңгейде бекітіледі. Алайда мұндай тәсіл өңірлердегі нақты инфрақұрылымдық және логистикалық шығындарды толық ескермейді әрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамытуға кедергі келтіреді. Осыған байланысты заңсыз қоқыс орындарын жоюды ұйымдастыру міндетін аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарына бекіту ұсынылады.

Сондай-ақ  қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму бойынша шекті тарифтерді бекіту құзыретін жергілікті атқарушы органдарға беру көзделеді. Бұл өзгерістер өңірлердің нақты ерекшеліктерін ескеруге, қалдықтарды басқару жүйесінің экономикалық тиімділігін арттыруға және саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Төртінші блок –  Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті реформалау. Қазір «Қазгидромет» РМК көрсететін қызметтердің басым бөлігі мемлекеттік монополия аясында жүзеге асырылады. Оның ішінде ауа райы болжамдары, арнайы ақпараттық қызметтер және ғылыми-зерттеу жұмыстары бар.

Бұл бәсекелестікті шектейді және кәсіпорынның табыс әкелуі мүмкін бағыттарына бюджет қаражатын жұмсауға алып келеді. Осыған байланысты «Қазгидромет» қызметі нақты ажыратылады. Мемлекеттік монополия аясында тек тұрғындардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің стратегиялық мүдделері үшін маңызды жалпымемлекеттік және халықаралық сипаттағы қызметтер ғана сақталады.

Ал арнайы ақпарат ұсыну, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстар мемлекеттік монополиядан шығарылып, бәсекелі негізде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде «Қазгидрометке» бюджеттен тыс қосымша табыс табуға мүмкіндік береді және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтады.

Бесінші блок – нормадан тыс шығарындылар үшін жауапкершілік кезеңін нақтылау. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұлдар артық шығарылған ластаушы заттардың көлеміне қарай есептеледі. Алайда бұл көлемнің қандай кезең үшін есептелетіні нақты айқындалмаған.

Соның салдарынан ірі ластаушы кәсіпорындар құқықтық олқылықтарды пайдаланып, айыппұлдарды соттарда ұзақ уақыт даулауға мүмкіндік алып келді. Осыған байланысты нормадан тыс әсер ету кезеңін соңғы өндірістік экологиялық бақылау жүргізілген күннен бастап есептеу ұсынылады. Бұл түзету құқықтық олқылықтарды жояды, экологиялық бақылаудың тиімділігін арттырады және кәсіпорындардың атмосфераға шығарған әрбір артық грамы үшін бюджетке төлем жасауын қамтамасыз етеді.

Алтыншы блок – отандық қайта өңдеушілерді қолдау және өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері.  Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері жүйесінде қайта өңделген шикізатты пайдаланатын өндірушілерге ынталандыру тетіктері жеткілікті деңгейде нақты регламенттелмеген. Осыған байланысты, егер май, қаптама және аккумулятор өндірушілері Қазақстанда қайта өңделген кемінде 30% қайталама шикізатты пайдаланса, оларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері талаптарынан босату ұсынылады.

Бұл ретте растау тәртібін уәкілетті орган бекітеді. Бұл жалған және формалды схемалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Аталған түзетулер отандық қайта өңдеу саласын дамытуға, ішкі нарықтағы қайта өңделген шикізат үлесін арттыруға және айналым экономикасын қалыптастыруға бағытталған.

Жетінші блок – «Жасыл» қаржыландыру және экологиялық сақтандыруды жетілдіру. Заң жобасында экологиялық саясаттың экономикалық және қаржылық тетіктерін күшейтуге бағытталған екі маңызды бағыт қарастырылған.

Бірінші бағыт бойынша Экологиялық кодекстің 130-бабына түзету енгізіліп, «жасыл» жобалардың таксономиясын бекітуге қатысты Үкіметтің артық құзыреті алынып тасталады. Бұл құқықтық реттеудегі қайталануды жоюға және «жасыл» қаржыландыру жүйесін неғұрлым ықшам әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.

Екінші бағыт бойынша «Міндетті экологиялық сақтандыру туралы» заңның 4-бабы қайта қаралады. Бұрынғы жалпы қағидаттардың орнына экологиялық залалды жою, қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу және экологиялық тәуекелдердің алдын алу бойынша нақты міндеттер енгізіледі. Осы арқылы экологиялық жауапкершіліктің қаржылық тетіктері күшейтіледі және «ластаушы төлейді» қағидатын іске асырудың тиімділігі артады, – деді Еділ Жаңбыршин. 

Оның айтуынша, бұл заң жобасы – үлкен бірлескен жұмыстың нәтижесі. 

– Біз экологиялық сапа нормативтерін әзірлеу мерзімін 2030 жылға дейін ұзартамыз. Бұл олардың кездейсоқ көрсеткіштерге емес, нақты ғылыми-зерттеулер мен көпжылдық бақылау нәтижелеріне негізделуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар заң жобасында экологиялық ағартуды табиғатты қорғау іс-шараларының міндетті тізбесіне енгізу және қоғамдық тыңдаулар рәсімдерін жетілдіру көзделген. Жалпы алғанда, бұл заң жобасы экологияны декларативті ұран деңгейінен нақты экономикалық және құқықтық жауапкершілік жүйесіне көшіруге бағытталған.

Осы түзетулерді қабылдау мемлекет, тұрғындар және бизнес арасында адал әрі тиімді диалог қалыптастыруға мүмкіндік береді. Табиғатқа жауапкершілікпен қарағандарға – қолдау көрсетіледі, ал қоршаған ортаны ластағандарға – бұлтартпас жауапкершілік жүктеледі, – деген депутат заң жобасын қолдауды сұрады.