Ақтөбеде жеке үй жарылып, үйінді астынан әйел адамның мәйіті табылды

Ақтөбе қаласындағы Түрксіб көшесінде жойқын жарылыс болып, жекеменшік тұрғын үй толықтай қирады.

Оқиға орнынан әйел адамның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, жарылысқа табиғи газдың шығуы себеп болған.

Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінді астын тексеріп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталады.

Жарылыстың салдарын жоюға құтқарушылармен қатар апаттар медицинасы орталығының мамандары, кинологиялық топ және полиция қызметкерлері жұмылдырылған.

Оқиға орны қоршауға алынып, мамандар жұмыс істеп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың қатты болғаны соншалық, дүмпуі көршілес көшелерде де сезілген.