Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының дерегінше, биыл өңірде 185 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Бұл бірінші кезекте Мемлекет басшысының су үнемдеу саясатына орай жүзеге асырылып отырған баянды бастама саналады. Соның негізінде биылғы меже бойынша күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға азайтылып, 70 мың гектар деңгейінде бекітілген.
Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулетбек Абдирасулов та биылғы тың бастама төңірегінде жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл науқанда қысқартылған күріш алқаптарының орнына жүгері, майлы дақылдар мен малазықтық өнімдердің көлемі арттыруға баса мән берілген.
«Қазір ерте егілетін дақылдарды егу жұмыстары толық аяқталды. Оның ішінде картоп 230 гектарға, көкөніс 3,8 мың гектарға және бақша өнімдері 4,9 мың гектарға егілді. Ал нақты уақытта негізгі дақыл саналатын күріштің 49 502 гектары себіліп, оның 41 360 гектары суға бастырылды. Биылғы кезеңге жоспарланған барлық егіс жұмыстары 1 маусымға дейін толық аяқталады», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Қазір дала еңбеккерлері өңірде науқанға қажетті тұқым қоры мен техникаға қатысты мәселе жоқ екенін алға тартады. Нақты айтқанда, 2026 жылға қажетті тыңайтқыштардың 97,6 пайызы сатып алынса, гербицидтердің 64,1 пайызы жеткізілген.
Биылғы маусымның басты ерекшелігінің бірі су үнемдеу технологияларының кеңінен енгізілуі болып саналады. Бұл тұрғыда биыл облыста күріш алқаптарын лазерлік тегістеу көлемі 65 мың гектарға жеткізілу жоспарланған. Негізінен, нақты уақытта өңірде су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 16 700 гектарға жеткен. Бұл бүгінде жоспарланған жұмыстың 82,2 пайызы орындалғанын көрсетсе керек. Бұған қоса, шаруаларды қолдау бағытындағы «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы 59 шаруашылыққа 8,8 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
«Қазір Шардара мен Көксарайдан төменгі ағысқа секундына 550 текше метр су жіберілуде. Қызылорда облысына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 538 текше метр су келіп жатыр. Мамандар су шаруашылығы жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар Арал теңізіне секундына 48 текше метр су барып жатыр. Жыл басынан бері теңізге 780 миллион текше метр су жеткен», – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов.
Жалпы, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, заманауи технология енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану тәсілдері алдағы жылдардың да басты бағытына айналады деп жоспарланған.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы