Маңызды жиынға университет ректоры, әріптестері, ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымның жұбайы қатысты. Шараның ашылуында сөз алған журналистика факультетінің негізін қалаушы, белгілі ғалым Намазалы Омашев университет тарихына тоқталып, Қырықбай Аллаберген туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ол ғалымның тек ғылымдағы еңбегін емес, ең алдымен адамдық болмысына ерекше тоқталды. Ағасы әрі ұстазы ретінде Қырықбай Аллабергеннің адалдығы, кеңпейілдігі, қолының ашықтығы секілді азаматтық қасиеттерін сөз етті. Аудитория лентасы қиылып, жиналған қауым ғалым рухына құрмет көрсетті.
Шара барысында сөз алған ғалым Айгүл Ісмақова профессордың ғылыми еңбектеріндегі ұлттық баспасөз тарихы, елдік сана және тарихи жады мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде деколониялық дискурс аясында қарастырылып жүрген бірқатар тұжырым Қырықбай Аллаберген зерттеулерінде ертерек көрініс тапқан. Сондай-ақ ол ғалымның ұстаздық болмысы мен ғылыми мектебінің маңызына тоқталды.
Профессор Ғалиябану Кертаева және өзге де зиялы қауым өкілдері де жаңа аудиторияның ашылуымен университет ұжымы мен студенттерді құттықтап, Қырықбай Аллабергеннің ғылыми мұрасы жас ұрпақ үшін құнды бағдар екенін жеткізді.
Қырықбай Аллаберген – саналы ғұмырын қазақ тарихын зерттеуге, ұлттық журналистиканың дамуы мен қазақ баспасөзі тарихын зерделеуге арнаған тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі журналист әрі публицист.
Игі бастама жылы естеліктер мен ғибратты ойларға толы болды. Ал профессор Қырықбай Аллаберген атындағы аудитория алдағы уақытта болашақ журналистердің білімін тереңдетіп, шығармашылық ізденісіне жол ашатын ғылыми медиазертханаға айналмақ.
Гүлнаурыз СОЯН