Б.Бейсенов атындағы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясында «Құқықтық тәртіп, заңдылық және патриотизм: ұлттық және халықаралық тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шара «Заң және тәртіп» идеологемасын жүзеге асыру және Қарағанды облысының прокуратурасы жанындағы Жобалық офисінің жүйелі жұмысы аясында ұйымдастырылды.
Аралас форматта өткен конференцияда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңдылықты нығайту, қылмыстық және әкімшілік құқықты дамыту, криминалистиканың заманауи сын-қатерлері және киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері кеңінен сөз болды.
Конференция барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, цифрлық қауіп-қатерлердің алдын алу және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі білім мен ғылымның рөліне ерекше назар аударды.
– Қазіргі уақытта құқықтық тәртіп пен заңдылық мәселелері бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Қазіргі қауіп-қатерлер күрделеніп, қылмыс цифрлық кеңістікке ауысты. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңа буынның кәсіби әрі технологияны жетік меңгерген мамандары қажет. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты осы тұрғыда ерекше маңызға ие. Заңға құрмет әділдік сезімінен, жеке жауапкершіліктен және азаматтық санадан басталады. Қарағанды облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жыл басынан бері 100 мыңнан астам адамды қамтыған 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінгі конференция білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заман талабына сай ойлайтын және жаңа сын-қатерлерге дайын кәсіби ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Конференция барысында қылмыстың жаңа түрлерімен күресу, әсіресе киберқылмыс, интернеталаяқтық және есірткі саудасының алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибені ұштастыру қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұрудың басты тетігі екенін атап өтті.
– Бүгінде қылмыс түрлері жаңа сипатқа ие болып, олардың басым бөлігі интернет кеңістігіне көшті. Әсіресе, есірткі саудасы мен алаяқтық қылмыстары ұйымдасқан сипат алып, құқық қорғау органдарының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Тергеу-оперативтік қызметте заманауи әдістер мен ғылыми тәсілдерді қолдану аса маңызды. Ғылыми ізденістер мен практикалық білімнің үйлесуі ғана бұл қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді. Қарағанды академиясы әрдайым жоғары білікті кадрларымен, іргелі зерттеулерімен және ғылыми әзірлемелерімен ерекшеленіп келеді. Академияда киберқылмысқа қатысты алғашқы пәндер енгізіліп, бүгінде киберқауіпсіздік кафедрасы табысты жұмыс істеп, бірқатар ғылыми жоба жүзеге асыруда. Бүгінгі конференция – жай ғана кезекті іс-шара емес, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстыратын маңызды алаң, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Секциялық отырыстарға Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы және Беларусь Республикасы ІІМ академияларының курсанттары қатысып, ғылыми баяндамаларын ұсынды. Сонымен қатар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті және Bolashaq академиясы студенттері құқықтану мен құқық қорғау жүйесінің өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерін таныстырды. Халықаралық конференция құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және жас зерттеушілердің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы