Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы мәлімет берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
Жеңіс Қасымбек Астанада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалатынын жеткізді.
– Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайыз жоғары. Олардың арасында өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда, логистика салаларына қатысты жобалар бар. Бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұр. Елорданың қоғамдық көлік жүйесін жандандыру мақсатында жобаның екінші кезеңі пысықталуда, – деді қала басшысы.
Ол әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын көркейту жөнінде айтты.
– 2028 жылға дейін 2 перинатальды орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ. Астана қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы, Smart City жобасының іске асырылуы туралы бойынша 2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген, – дейді Жеңіс Қасымбек.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қызметін оң бағалап, елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.