Алматыда 25 жастағы Ерзат Егімбай жұмбақ жағдайда жоғалып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жақындары оны үш күннен бері іздеп жатыр, алайда әзірге ешқандай хабар жоқ.
Туыстарының айтуынша, жігіт сейсенбі күні жұмысынан «дүкенге барып келемін» деп сұранып шыққан. Бірақ кейін автобусқа мініп, басқа бағытқа кеткені анықталған.
Соңғы рет Ерзат сол күні түскі уақытта жұбайына хабарласқан. Кейін оның «Райымбек» метро станциясынан шығып, белгісіз біреумен сөйлесіп жүрген сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Одан соң тағы автобусқа отырып, Космос ауылы бағытына қарай кеткені белгілі болды.
Жігіттің телефоны кешке дейін қосулы тұрғанымен, кейін байланыс толық үзілген.
Жақындарының сөзінше, Ерзат ешкіммен жанжалдаспаған, қарызы да болмаған. Қазіргі уақытта оны іздеуге туыстары, полицейлер және еріктілер жұмылдырылған.
Жоғалған жігіттің анасы Талшы Құсайынованың айтуынша, отбасы кешке дейін оның үйге оралуын күткен.
— Ол ешқашан проблема тудырмайтын, өте мейірімді, адамдарға көмектесіп жүретін жан еді. Бес уақыт намазын оқиды. Біреу телефон соғып, шақырып тұрғандай ой келеді, — дейді анасы.
Ерзат Егімбай туралы қандай да бір ақпарат білетіндер мына нөмірге хабарласа алады: 8 771 400 77 76.