Еуразия ұлттық университеті 1996 жылы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы тарихи өзгерістер кезеңінде құрылды. Бұл уақытта жаңа астана бой көтеріп, жас мемлекет жаңа даму жолына қадам басып жатқан еді. Осындай жауапты кезеңде халықаралық талаптарға сай, ұлттық құндылық пен заманауи ғылымды ұштастыратын жаңа буын университет қажет болды. ЕҰУ дәл осы тарихи сұраныстың нәтижесінде дүниеге келді.
Университет алғашқы күннен бастап елдің ғылыми-интеллектуалдық ортасына айналуды мақсат етті. Мұнда Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары шақырылып, қуатты академиялық орта қалыптасты. Жаңа мамандықтар ашылып, білім беру жүйесіне заманауи технологиялар енгізілді. Қысқа уақыт ішінде оқу орны елордадағы ғана емес, республикадағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының біріне айналды.
ЕҰУ-дың дамуы Астана қаласының өркендеуімен қатар жүрді. Жаңа оқу корпустары бой көтеріп, ғылыми зертханалар, инновациялық орталықтар, электронды кітапханалар мен заманауи студенттік кампустар ашылды. Бүгінде университет тек білім беретін мекеме емес, ғылым, технология және жастар бастамалары тоғысқан үлкен академиялық кеңістікке айналды.
Университеттің басты ерекшелігінің бірі – еуразиялық идеяны дамытудағы рөлі. ЕҰУ Шығыс пен Батыстың ғылыми-мәдени дәстүрлерін ұштастырып, халықаралық академиялық орта қалыптастырды. Мұнда әлемнің түрлі елінен келген студенттер мен ғалымдар білім алып, тәжірибе алмасуда. Бұл өз кезегінде университеттің халықаралық беделін арттырып, шетелдік серіктестікті нығайтуға жол ашты. Қазір ЕҰУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Университетте қос дипломды білім беру бағдарламалары мен академиялық ұтқырлық жүйесі табысты жүзеге асырылып келеді. Студенттер мен оқытушылар шетелдік университеттерде білім алып, ғылыми тәжірибе жинақтауда. Бұл – қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейге көтерілуінің нақты көрінісі.
Бүгінде Еуразия ұлттық университеті мыңдаған жасқа сапалы білім мен кәсіби бағыт-бағдар беріп отырған іргелі оқу орнына айналды. Университет қабырғасында тәрбиеленген түлектер мемлекеттік қызметте, ғылымда, білім саласында, халықаралық ұйымдар мен ірі компанияларда еңбек етіп жүр. Олар елдің дамуына үлес қосып, тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға қызмет етуде.
30 жыл ішінде ЕҰУ оқу орны ретінде ғана емес, елдің ғылыми, мәдени және рухани өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Бұл мерейтой – университеттің өткен жолын саралап қана қоймай, болашаққа жаңа мақсаттармен қадам басуының белгісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде үнемі атап келеді. Бұл ұстаным Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметімен толық үндеседі. Бүгінде университет заман талабына сай мамандар даярлап, ғылым мен инновацияны ұштастырған заманауи білім ордасына айналып отыр.
Қазір ЕҰУ-де жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, цифрлық технологиялар, энергетика инженериясы, биотехнология және халықаралық журналистика бағыттары бойынша жаңа буын мамандары даярлануда. Университет еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделіп, сұранысқа ие жаңа білім беру бағдарламаларын енгізді. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект», «Криптология», «Бизнес IT», «Цифрлық медиа менеджменті», «Аэроғарыштық инженерия», «Биотехнология және биомедицина» секілді мамандықтардың ашылуы – уақыт талабынан туған маңызды шешімдердің бірі.
Сонымен қатар университетте кәсіпкерлік пен басқару саласына да ерекше көңіл бөлінуде. «Кәсіпкерлік және бизнес экономикасы» бағдарламасы жастардың заманауи экономикалық ойлауын қалыптастырып, инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған. Ал «Сот-прокурорлық және тергеу-криминалистикалық қызмет» бағдарламасы құқық саласындағы кәсіби кадрлардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бастамалардың барлығы ЕҰУ-дың халықаралық стандарттарға сай, бәсекеге қабілетті әрі болашаққа бағытталған жоғары оқу орны ретіндегі беделін айқындай түседі.
Бүгінде университетте бакалавриат, магистратура, докторантура, сондай-ақ MBA, EMBA және DBA бағдарламалары қарқынды дамып келеді. Білім беру жүйесінде теория мен тәжірибенің сабақтастығына айрықша мән берілген. Студенттер жобалық оқыту, зертханалық жұмыстар, кейс-талдау әдістері мен цифрлық платформалар арқылы кәсіби тәжірибе жинақтайды. Бұл тәсіл білім сапасын халықаралық талаптарға сай жетілдіріп, студенттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашуда.
Қазіргі ЕҰУ дәстүрлі мамандықтармен ғана шектелмейді. Университет ғылым, технология, цифрландыру және басқару салаларын қамтитын көпсалалы білім беру экожүйесін қалыптастырып келеді. Бұл оқу орнының жаңа дәуірдегі интеллектуалдық орталық ретіндегі рөлін күшейте түсуде.
Елімізде жүзеге асқан конституциялық реформалар да білім мен ғылым саласының маңызын арттырды. Қазақстан Республикасының Конституциясында әр азаматтың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілген. Сонымен қатар мемлекет адамның зияткерлік әлеуетін дамытуға жағдай жасауға міндетті. Осы өзгерістерден кейін адам капиталы, сапалы білім мен ғылым мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындала түсті.
Бұл бағыт университет қызметінен де анық байқалады. ЕҰУ білім сапасын арттырумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ерекше назар аударып келеді. Университет қабырғасында жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға арналған мәдени, қоғамдық және рухани жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мұнда студенттердің тек кәсіби емес, тұлғалық дамуына да басымдық беріледі.
ЕҰУ студенттік өмірімен де ерекшеленеді. Университетте жастардың шығармашылық, ғылыми, спорттық және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына кең мүмкіндік жасалған. Дебат клубтары, жастар ұйымдары, еріктілер қозғалысы мен ғылыми қауымдастықтар студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етуде. Университет жастары халықаралық олимпиадаларда, ғылыми байқауларда және стартап жобаларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі» деген сөзі бүгінгі ЕҰУ миссиясының мазмұнын терең аша түседі. Өйткені университеттің негізгі мақсаты – тек кәсіби маман даярлау емес, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын, рухани бай, білімді әрі отаншыл азамат тәрбиелеу.
Еуразия ұлттық университетінің басты артықшылықтарының бірі – оның қуатты ғылыми мектебі мен білікті профессорлық-оқытушылық құрамы. Бүгінде университетте академиктер, ғылым докторлары, профессорлар мен жас зерттеушілерден құралған үлкен ғылыми орта қалыптасқан. Олар отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып қана қоймай, халықаралық ғылыми кеңістікте Қазақстанның беделін арттыруға да қызмет етіп келеді.
30 жыл ішінде ЕҰУ тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы маңызды жетістіктерінің біріне айналды. Университет бүгінде тек жоғары оқу орны ғана емес, жаңа идеялар мен инновациялар тоғысқан, елдің интеллектуалдық болашағын қалыптастыратын ірі академиялық орталық ретінде танылып отыр.
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бүгінде тек білім беру мекемесі емес, ірі ғылыми-зерттеу және инновациялық орталық ретінде де танылып отыр. Университет ғалымдары гуманитарлық ғылымдардан бастап инженерия, ақпараттық технологиялар, энергетика, экология және биотехнология салаларына дейінгі кең ауқымда іргелі зерттеулер жүргізуде. Әсіресе, соңғы жылдары жасанды интеллект, цифрлық жүйелер, робототехника, ядролық физика және ғарыштық зерттеулер бағытындағы жобалар университет ғылымының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Сонымен бірге ЕҰУ ғалымдарының ғылыми еңбектері халықаралық рейтингтік журналдарда жарияланып, әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағалануда. Бұл университеттің ғылыми әлеуетінің артып, халықаралық академиялық кеңістіктегі беделінің нығая түскенін аңғартады. Университет базасында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институттары мен арнайы орталықтар жас ғалымдардың тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар бұл орталықтар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізуге жол ашуда.
Университетте студенттердің ғылымға ерте араласуына ерекше мән беріледі. Жастар ғылыми жобаларға қатысып, инновациялық стартаптар әзірлеп, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – ЕҰУ-дың тек теориялық білім берумен шектелмей, зерттеуші әрі креативті мамандар даярлауға басымдық беретінінің айқын дәлелі.
Білім беру бағдарламаларының тағы бір маңызды ерекшелігі – теория мен тәжірибенің өзара сабақтастығы. Университетте дәстүрлі дәріс беру жүйесі заманауи тәсілдермен ұштасқан. Жобалық оқыту, практикалық зертханалар, кейс-талдау әдістері және цифрлық платформалар оқу үдерісіне кеңінен енгізілген. Студенттер оқу барысында нақты ғылыми жобаларға қатысып, өндірістік тәжірибе арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ЕҰУ әлемнің 56 жетекші жоғары оқу орнымен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Бұл студенттерге халықаралық деңгейдегі білім алып, шетелдік тәжірибе жинақтауға жол ашады. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы көптеген студент пен оқытушы шетелдік университеттерде білімін жетілдіріп, ғылыми тәжірибе алмасуда. Мұндай байланыстар университеттің халықаралық ықпалдастығын күшейтіп, әлемдік білім кеңістігімен интеграциясын тереңдете түсуде.
Университеттің тағы бір ерекшелігі – көптілді білім беру саясаты. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру жүйесі қатар дамыған. Бұл студенттердің халықаралық ортада еркін бәсекеге түсіп, әлемдік ғылыми ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге көптілді орта жастардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, жаһандық еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.
Бүгінде Еуразия ұлттық университеті жаңа идеялар мен инновациялардың орталығына айналды. Мұнда білім мен ғылым қатар дамып, жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға барлық жағдай жасалған. Сондықтан университеттің ғылыми жетістіктері мен заманауи білім беру бағдарламалары оның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, еліміздің болашақ дамуына да қызмет етіп келеді.
Университеттің ең үлкен мақтанышы – оның түлектері. 30 жыл ішінде ЕҰУ мыңдаған жас маманға жолдама берді. Бүгінде түлектер мемлекеттік қызметте, ғылым мен білім саласында, халықаралық ұйымдарда, дипломатияда, журналистикада және ірі компанияларда табысты еңбек етіп жүр. Олар елдің дамуына өз үлесін қосып, Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға қызмет етуде.
Қазіргі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – өткенін құрметтеп, болашаққа сенімді қадам басқан заманауи білім ордасы. Оның 30 жылдық тарихы – үздіксіз ізденістің, ғылыми дамудың және ұлттық білімге адал қызмет етудің жарқын көрінісі.
Алдағы кезеңде университет алдында жаңа міндеттер тұр. Жасанды интеллект, цифрлық экономика, экология және халықаралық қатынастар салалары бойынша бәсекеге қабілетті кадр даярлау – уақыт талабы. Заманауи инфрақұрылым, халықаралық серіктестік пен инновациялық бағдарламаларды ұштастырған ЕҰУ алдағы уақытта да Қазақстанның ғылыми-академиялық әлеуетін нығайтып, елдің интеллектуалдық дамуына қызмет ете бермек.
Ардақ БЕЙСЕНБАЙ,
ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры