Солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырым, шығыстан батысқа дейін 800 шақырым созыла жатқан жоталы таулары мен өзен аңғарлары, ойпаты мен үстірті талай тарихтан сыр шертері анық. Манаураған маң дала қойнауы кен орындары мен табиғи қазба байлыққа толы. «Жатып қалған бір тоқты жайылып, мың қой болған жер» дегендей, осындай, түгін тартса, майы шығатын құт мекен. Аймақ жайылымдық жер көлемі жөнінен де республикадағы ең ірі өңір саналады. Мұнда 25,3 млн гектар жердің суы тұнық, шөбі шүйгін. Мал өсіруге өте қолайлы.
Мемлекет облыста өндірісті дамыту мен ауыл шаруашылығын қолдауға айрықша назар аударып отыр. Әсіресе кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға басымдық беріліп келеді. Сондай-ақ аймақта егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың мал шаруашылығын да қатар алып жүру мүмкіндіктері қарастырылуда. Соған сәйкес ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту жұмыстары белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың есебінше, былтыр өңірде жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылған. Ал «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 2883 жоба мақұлданып, 16,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілген.
Ресми ақпарат бойынша, 2025 жылдың қорытындысына сәйкес облыста ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 412 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өсті. 2026-2028 жылдары өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 94,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның ішінде 4 жоба 2026 жылы іске қосылмақ. Олардың қатарында «Жаннұр» ШҚ мен Agroproduct development ЖШС-ның бордақылау алаңдарын салу және кеңейту, «Рамазан құс» ЖШС-ның құс фабрикасын іске қосу, сондай-ақ «АЙС» ЖШС-ның сүт-тауар фермасын ашу бар. Былтыр өңірде 554 мың тонна дәнді дақыл және 72,4 мың тонна майлы дақыл жиналған. Көкөністен, соның ішінде картоптан мол өнім алынды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғайтылған.
Облыста мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспарын жүзеге асырудың маңыздылығы зор. Жоспарда саланы мемлекеттік қолдау арқылы мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге, отандық өнімнің сапасын артыруға бағытталған тәсілдер мен тетіктер қамтылған. Сонымен қатар саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар көзделген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде биыл жыл басынан бері 94 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір қайтарылған жер телімін қайтадан айналымға шығару және жерді алып, пайдаланбай отырғандарды анықтау жұмысы жалғасуда. Сондай-ақ жерді пайдалану заңдылықтарының сақталуы үнемі қатаң бақылауға алынған.
Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ислам Ізбасқановтың айтуынша, биыл жоспардан тыс 120 тексеру жүргізілді. Бұл тексеру 149,2 мың гектар аумақты қамтыды. Нәтижесінде, жалпы аумағы 94 мың гектарды құрайтын 62 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді жер телімдері қайтадан айналымға енеді. Сонымен қатар 92 субъект әкімшілік жауапқа тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3,6 млн теңгені құрады.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбағаны үшін жер салығы мөлшері 40 еселенеді. Бұл – жерді тиімсіз пайдаланушыларға ықпал етудің қосымша тетігі. Департамент өткен жылдары пайдаланылмай жатқан 588 жер учаскесіне жер салығының жоғары мөлшерлемесін қолданды. Қайта есептеу нәтижесінде, жер пайдаланушыларына қосымша 91 млн теңге есептелді, – деді Ислам Ізбасқанов.
Былтыр облыста ұлттық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жоба қолға алынған болатын. Елімізде ең ірі әрі нақты мақсатты жоба аясында «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институтының ғимаратының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталған-ды. Бұл тарихи сәтке Қазақ КСР-інің ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Мұғалжар және Көшім жылқы тұқымдарының авторы, жылқы шаруашылығының абызы – Серікбай Рзабаев арнайы барып, жаңа орталықтың табысты болуына бата беріп, ізгі тілегін жеткізген.
«Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
– Қазақ жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алғашқы ауыл шаруашылығы форумында ашылды. 2025 жылы, бір жылға жетпей, бұрынғы тәжірибе станциясы ғылыми-зерттеу бағытына ауыстырылды. Қазір жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысан құрамында бес зертхана болады. Бұл зертханаларда асылтұқымды жылқыларды жан-жақты зерттеу жоспарланып отыр. Институттың басты мақсаты – жылқы етін және қымызды шетел нарығына экспорттау, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы спорт бағытындағы жылқы шаруашылығын ілгерілету. Отандық шабандоздардың халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуына жағдай жасау көзделуде, – дейді Әлібек Базарғалиев.
Институттың жобалық сызбасына сәйкес, кешен аумағында манеж, ат қора, ветеринариялық пункт, зертханалар мен атжарыс жолы бар. Аталған институттың құрылыс жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында аяқталып, толық іске қосылады деп күтілуде. Жоба іске асқан жағдайда, Ақтөбе өңірі еліміздегі жылқы шаруашылығы мен қымыз өндірісінің басты ғылыми орталығына айналмақ.
Қазіргі күні мүлдем ұмытылуға айналған атакәсіп – тері және жүн өңдеу ісі Ақтөбе облысында да сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, былтыр тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар кезең-кезеңімен қалпына келтіру бағытында бірқатар ірі нысан пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында жылдық қуаты 2,2 мың тонна жүн өңдейтін Қазфельтек жобасы және Ақмола облысында жылына 2,4 мың тонна жемшөп қоспаларын өндіруге бағытталған Агро Протеин жобасы іске қосылған. Министр биыл 17 ақпанда өткен Үкімет отырысында саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 миллиард теңгеге сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын, нәтижесінде қосымша 1,3 миллион тонна өңдеу қуаты іске қосылатынын айтқан-ды.
Сапаровтың сөзіне қарағанда, жаңа бастамалардың қатарында Тараз Желатин, ЭКО Клаб, Искефе Холдинг және КазЖелатин жобалары бар. Бұл кәсіпорындар тері мен жанама өнімдерді терең өңдеуге бағытталған. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде, тағамдық желатин мен жемдік қоспалар өндірісі ұлғайып, ши-кізат шығыны азаяды деп күтілуде.
Жалпы, Ақтөбе өңірі тәуелсіздік жылдары еліміз бойынша тұрақты өсім мен оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан облыстар қатарында. Аймақта индустриялық-инновациялық жобалардың сәтті жүзеге асырылуы ел экономикасының дамуына да қомақты олжа салып отыр. Сонымен қатар халықтың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жобалардың тиімділігі жыл өткен сайын артып келеді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ