Конгода Эбола вирусынан 80 адам қайтыс болды

Қазіргі таңда сегіз адамнан вирус расталып, тағы 246 жағдай күдік ретінде қарастырылып жатыр.

World Health Organization Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінің өршуіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай режимін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұйым мәліметінше, індеттен 80 адам көз жұмған. Аурудың негізгі ошағы елдің шығысындағы Итури провинциясында тіркелген. Қазіргі таңда сегіз адамнан вирус расталып, тағы 246 жағдай күдік ретінде қарастырылып жатыр.

Эбола Конгодан тыс жерлерге де тарай бастаған. Соңғы күндері Уганданың Кампала қаласында Конгодан барған адамдардан вирус анықталған. Науқастардың бірі қайтыс болды.

ДДСҰ сарапшылары індеттің нақты ауқымы ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады. Бұған гуманитарлық дағдарыс, халықтың жаппай көші-қоны және медициналық бақылаудың әлсіздігі әсер етіп отыр.

 

Сондай-ақ вирус белгілері байқалған кемінде төрт медицина қызметкерінің қайтыс болғаны хабарланды.