Майдангерлерге мәңгілік тағзым

Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 81 жыл толғанын дүйім жұрт атап өтті. Қостанай өңірі де жылдағыдай дәстүрден жаңылған жоқ, облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған топ ардагерлерді ардақтап, Жеңіс саябағында үлкен іс-шара ұйымдастырды. Бұл – аймақ жұрты майдангерлерін әркез ұмытпайтынының айғағы.

Іс-шаралар легі «Батырларға тағзым» аталған гүл шоғын қою салтанатымен бас­талды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бас­таған өкілдер саябақ кіреберісінен шеруді бастап, алаңдағы басты ескерткішке барды. Ең бастысы, жеңісті көзімен көрген ардақты ардагерлер – Қасымхан Алда­бергенов, Михаил Подоляков және Ділдәбек Нұрышев те іс-шараға арнайы шақыртылды.

Осыдан кейін аймақ басшысы мерекелік құттықтау лебізін арнап, қан майданның құр­бандарына тағзым етті. Сұрапыл соғыс­тың көзі тірі куәгерлеріне ыстық ықыласын жеткізді. 

– Сіздерді ерлік пен елдіктің символына айналған Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 9 мамыр – бейбіт өміріміздің жолында жан аянбаған барша ардагерге ерекше құрмет көрсететін күн. Бұл мейрам тарихымызда мәңгілік шежіре болып жазылып тұр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостан­дықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұр­пақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз», – деді. Біз жауға қарсы тұрған барша батырдың рухына тағзым етеміз. Жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жол­ында аянбай күресті. Жеңіске тыл ең­беккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Ел бас­ына күн туғанда жұдырықтай жұмыла білді. Бүгін олардың да ерлікке толы өмірі дәріптеліп жатыр, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі Қостанай өңірінен майданға 75 мыңнан астам адам аттанып, соның жартысынан көбі туған жерге оралмағанын, әр отбасы 18 жасқа толған азаматтарды қасиетті Отанымызды қорғауға шығарып салғанын еске салды. Қостанайда жасақталған 151-ші жеке атқыштар бригадасы кейін 150-ші атқыштар дивизиясына айна­лды. Олар Еуропаны азат етті, қазақтың әй­гілі батыры Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Рейхстагта жеңіс туын қадады. 

Құмар Іргебайұлының айтуынша, атал­­ған 150-ші дивизия биыл 85 жылдығын атап өтуде. Бұл жаужүрек бөлімнің даңқы Қостанай облысы үшін ғана емес, Қазақстан мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне ерліктің символы болып қалды. 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың қатарында Қос­танай өңірінен шыққан Сұлтан Бай­мағамбетов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сейітхан Темірбаев, Илья Сьяновтардың есімі айрықша аталады. 

– Батырлардың ерлігі – елдік пен отансүйгіштіктің мәңгілік үлгісі. Ұрпақтың аманаты – елдің бірлігі, тыныштықты сақ­тау, тәуелсіздігімізді нығайту. Біз қаһар­ман ұл-қыздардың арқасында алаңсыз ең­бек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қа­дам басып келеміз. Біз ержүрек аға буын­ның алдында мәңгі қарыздармыз. Еш­­кім де ешқашан ұмытылмайды!

Бүгінде Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекені. Осы бейбіт күннің арқасында елімізбен бірге Қостанай облысы қарқынды дамып келеді, барлық бағытта оң өзгеріс бар. Өнеркәсіп, ауыл шаруашы­лығы, білім мен мәдениет салаларында қол жеткізілген табыстар – бірлігіміздің, бірлескен еңбектің нәтижесі.

Ардақты ардагерлер! Сіздер жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құнды­лықтары Әділетті Қазақстан үшін де мыз­ғымас бағдар болып қала береді. Сол үшін өздеріңізге әрдайым тағзым етеміз! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отба­сыларыңызға амандық пен береке тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын! Мереке құтты болсын, – деп қорытындылады облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бұдан соң Жауынгерлік тақ гирляндасын мәңгілік алау жанына қою рәсіміне кезек берілді. Ізін ала қарт майдангерлер – Қасымхан Алдабергенов, Михаил Под­оля­ков, Ділдәбек Нұрышев және облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған өңір басшылығы ескерткіш түбіне тағзым гүлін қою рәсімін бастап берді. Одан соң құқық қорғау саласы ардагерлері және өзге де саланың майталман өкілдері, мекеме-ұжым басшылары, сондай-ақ қалың топ лек-легімен келіп, рәсімді ұзақ уақыт жалғас­тырды.

Осыдан кейін өңір басшысы аяулы ардагерлермен бірге Жеңіс саябағы ішінде ор­наласқан даңқты батырлардың ескерт­кіштеріне тағзым гүлін қойды. Ақ дастарқан жайылып, ашық-жарқын әңгіме өрбіп, асыл сүйекті ақсақалдар елтұтқа азаматтарға ақ батасын берді.

М.ТӨЛЕУ