Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-министр Олжас Бектеновке Арал мәселесін көтеріп, жоба бойынша істеліп жатқан жұмысы туралы депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, бұл мәселені бұған дейін Мемлекет басшысы Астанада өткен саммитте көтерген.
– Арал мәселесі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі назарда ұстап отырған маңызды бағыттардың бірі. Соның аясында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, экологиялық ахуалды жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Аймақта жол, су және әлеуметтік нысандардың жаңаруы жергілікті деңгейдегі жұмыстардың тұрақты түрде ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді. Қиындығы күрделі өңірде түйткілдердің шешім табуы – үздіксіз еңбектің нәтижесі. Құрғаған теңіз табанында жүргізіліп жатқан сексеуіл егу және мелиорациялық шаралар табиғи ортаны қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Сонымен бірге осы ілгерілеумен қатар, уақыт күттірмейтін, шешімін қажет ететін күрделі мәселелер де бар. Арал тағдыры – тек табиғаттың ғана емес, тұтас әлемнің болашағына тікелей әсер ететін ортақ жауапкершілік. Дегенмен, бұл бағытта еліміз тарапынан кешенді әрі ауқымды жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2002- 2008 жылдары Дүниежүзілік банкпен бірлескен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасы аясында өзеннің өткізу қабілеті 350-ден 700 м³/с дейін артса, теңіз көлемі 15,6-дан 27,1 км³ дейін ұлғайды, тұздылық 23-тен 12 г/л дейін төмендеді, балық аулау 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін өсті.
Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі қарастырылуда. Ол Көкарал бөгетін Балтық жүйесі бойынша 42 м-ден 44 м-ге көтеру, дельта экожүйесін тұрақтандыру, дренаж суларын сулы-батпақты алқаптарға бұру, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын қамтиды. Жоба аясында 180 іс-шара жоспарланған, жалпы құны 700 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде, Солтүстік Арал ауданы 3 151 км²-ден 3 913 км²-ге, су көлемі 27 км³-ден 34 км³-ге дейін артады!
"AMANAT" партиясы Арал мәселесін бақылауда ұстап, Жол картасы аясындағы бастамаларды жүйелі түрде іске асырып, өңірдің экологиялық және әлеуметтік түйткілдерін шешуге бағытталған нақты жұмыстардың жүзеге асуына тұрақты түрде ықпал етіп келеді.
Сондықтан Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін жедел іске асырып, Көкарал бөгетін 2 метрге көтеру жобасын толық қаржыландыру және аяқтау. Осы арқылы теңізге жыл сайын кемінде 4 млрд текше метр көлемінде кепілдендірілген су жеткізуді қамтамасыз етіп, тұздылық деңгейін 10 промилледен асырмайтын тұрақты экожүйелік режим қалыптастыру керек. Екіншіден, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ирригациялық жүйелерді жаңғырту, су шығынын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша мемлекетаралық үйлестіруді күшейту.
Үшіншіден, трансшекаралық су келісімдерін күшейту арқылы тұрақты су режимін қалыптастыру. Сондай-ақ Су ресурстарын тұрақты басқару мәселелері бойынша Орталық Азия мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты күшейту. Оның үстіне, құрғаған теңіз табанында сексеуіл және тұзға төзімді өсімдіктерді отырғызу көлемін ұлғайтып, олардың жерсінуін қамтамасыз ету, тұрақты мониторинг жүргізу және шаң-тұздың таралуын азайту арқылы экологиялық және денсаулық қауіптерін төмендету. Бесіншіден Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында балық шаруашылығын жүйелі түрде дамыту, су қоймаларын жаңғырту және алдағы уақытта Есіл – Торғай – Арал жобасын кезең-кезеңімен іске асыруды қарастыру керек, – деді депутат.