"Аналар күні — әр адамның жүрегіне жақын, мейірім мен шексіз махаббаттың мерекесі" деген Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан нәзік жандыларға ізгі тілегін білдірді, — деп хабарлайды Aikyn.kz
— Ана — отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Сондықтан көпбалалы аналарды қолдау — мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.
Соңғы жылдары елімізде көпбалалы аналарды қолдау бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе Астана қаласында аналар мен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері кезең-кезеңімен күшейіп келеді. Бүгінде көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жол жүру мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, тұрғын үй бағдарламалары, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жеңілдіктер қарастырылған.
Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар көлемі де артып келеді. Мәселен, төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төленеді, сондай-ақ “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Бірақ аналарға жасалатын ең үлкен қолдау — тек материалдық көмек емес. Бұл — қоғамдағы құрмет, қауіпсіз орта, сапалы білім мен медицина, балалардың болашағына деген сенім. Көпбалалы ана — тек өз шаңырағын емес, елдің ертеңін тәрбиелеп отырған тұлға.
Менің ойымша, бүгінгі таңда аналардың қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да маңызды. Олар отбасы мен жұмысты, бала тәрбиесі мен қоғамдық қызметті қатар алып жүр. Осындай нәзік болмыс пен үлкен жауапкершілікті қатар арқалап жүрген аналарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
Аналар күні қарсаңында барша аналарға, әсіресе көпбалалы аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің мейірімдеріңіз, сабырларыңыз бен еңбектеріңіз — қоғамның ең үлкен байлығы. Өзім де көпбалалы отбасында тәрбие алдым. Бауырларым үшін ата анама алғысым шексіз, — дейді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.