Ұлыбритания астанасындағы ең танымал әрі беделді аудандардың бірі – St. James округінің мэріне кеңесші болып қазақ жігіті Санжар Әбішев сайланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Санжар Әбішев – кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы. Ол Ұлыбританиядағы беделді оқу орындарының бірі саналатын Malvern College-де білім алып, кейін жоғары оқу орнын тәмамдаған.
Сайлау нәтижесінде Санжар Әбішев Лондонның Westminster City Council атқарушы органының құрамына өтті. Ол Консервативтік партия атынан сайлауға түсіп, негізгі қарсыласы – Лейбористік партия өкілінен 350 дауыс артық жинаған.
St. James ауданы Лондонның тарихи әрі іскерлік орталықтарының бірі саналады. Мұнда үкіметтік ғимараттар, люкс санаттағы қонақүйлер және халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан. Сондықтан бұл округтегі саяси қызмет жоғары жауапкершілікпен қатар зор беделге ие.
Қазақ жігітінің Ұлыбритания саясатындағы бұл жетістігі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік оны шетелдегі қазақ жастарының табысты жетістіктерінің бірі ретінде бағалауда.