Қаһармандар рухына құрмет: Астанада мерекелік пойыздар іске қосылды

Бұл бастама Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақстандық қаһармандардың рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды.

9 мамыр күні елордадағы теміржол вокзалынан Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік пойыздар жолға шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Атап айтқанда, №9/10 «Астана – Алматы» және №85/86 «Астана – Шымкент» бағытындағы «Тальго» пойыздары, сондай-ақ №6803/6804 «Астана – Атбасар», №7502/7501 «Астана – Павлодар» және №7507/7508 «Астана – Көкшетау» электр пойыздары арнайы тақырыптық безендірумен сапарға аттанды. Бұл бастама Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақстандық қаһармандардың рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды.

Пойыз вагондарына қазақ халқының даңқты батырлары – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Нүркен Әбдіров, Төлеуғали Әбдібеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин және Талғат Бигелдиновтің портреттері орналастырылды.

Мерекелік пойыздармен сапарға шыққан жолаушылар ерекше безендірілген вагондарға қызығушылық танытып, естелік суретке түсіп жатты.

Ұлттық тасымалдаушы мемлекеттік және ұлттық мерекелер қарсаңында осындай мазмұнды жобаларды дәстүрлі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл игі бастама тарихи сананы жаңғыртып қана қоймай, жолаушыларға жол үстінде ерекше әсер сыйлайды.

Тақырыптық безендірілген пойыздар мамыр айының соңына дейін қатынайды. Осы уақыт аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары сапар барысында батырлар ерлігіне тағзым етіп, тарихпен рухани үндесе алады.