Жеңісті жақындатқан жандар

Екінші дүниежүзілік со­ғысқа Қазақстаннан майданға 1,2 миллионнан астам адам аттанды. Соның шамамен 60 мыңы Қарағанды облысы­нан шақырылып, олардың 25 мыңы елге орал­мады.

Өңірде жеңістің 81 жыл­дығы қарсаңында со­ғыс ардагерлері, тыл еңбек­керлері, блокада куәгерлері мен концлагерьдің бұрынғы тұтқындарына құрмет көр­сетілді. Қонақтарды үрмелі аспаптар оркестрі қарсы алды. Ал Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің тәрбие­лену­шілері құрмет дәлізін жа­сақтады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді келе жатқан Жеңіс күнімен құт­тық­тап, мұндай кездесулердің маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Жылдар өтеді, ұрпақ алма­сады. Бірақ адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жасалған ерлік мәңгілікке батылдықтың, төзімді­ліктің және Отанға деген сүйіспен­шіліктің үлгісі болып қала береді. Сіздер өмірдің қадірін әңгімеден емес, өз бастарыңыздан өткен сы­нақтар арқылы білдіңіздер. Бізге өмір сүруді сөзбен емес, істеріңізбен үй­реттіңіздер. Біз осы аманатқа адал болып, бейбіт болашақты бірге құруды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазір Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының алты ардагері тұрады. Олар – Сұнғат Саттығұлов, Мария Шинкевич, Александр Ба­ла­бас, Иван Скрипников, Виктор Шелудяков және Анна Котова. Сонымен қатар өңірде 2 029 тыл еңбеккері, 89 майдангердің жесірі, сондай-ақ концлагерьдің бұрынғы 33 тұтқыны мен қоршаудағы Ле­нинград тұрғындары бар.

Ардагерлердің бірі Сұңғат Сат­ты­ғұлов майданға 18 жасында аттанған. Ол Сталинградты азат ету шай­қасына қатысып, жаралан­ғаны­на қарамастан қайта сапқа ора­лып, Жеңісті Минск қаласында қарсы алған.

Тыл еңбеккерлері де өз естелік­терімен бөлісті. Карл Жансағымов соғыс жылдары бала бола тұра кол­хозда еңбек етіп, масақ теріп, жер жыртқанын айтты.

– Ол кезде барлық жұмыс қол­мен атқарылатын. Өмір өте қиын болды. Мен мектепке тек он жа­сымда бардым. Соғыс бала­ларының бәрі осының бәрін бастан өткерді. Мұндай қасірет енді қай­талан­ба­сын! – деді ардагер.

Ленинград қоршауының ауыр кезеңдерін сол кезде небәрі алты жаста болған Вера Волкова еске алды. Оның отбасы Қазақстанға эвакуацияланған.

– Қазақстанға көрсеткен жы­луы мен көмегі үшін шексіз риза­мын. Адамдар соңғы нанын бөлісіп, бізге қолдау көрсетті. Біз әбден әлсіреген, титықтаған күйде едік... Мұны ұмыту мүмкін емес, – деді ол.

Соғыс ардагері Анна Котова 102 жасқа толды. Қарағанды облысы­ның Осакаровка ауданында тұратын кейуана әлі тың. Отын жағып, ас-суын да өзі дайындайды. Майдан жылдары Анна Никонорқызы гос­питальде медбике болған. Ол жүз­деген жауынгердің өмірін құтқарды. Соғыс басталғанда 18 жаста болған Анна Котова бірден медбикелерді даярлайтын курстан өтеді. Содан кейін өз еркімен соғысқа сұранады. Алайда бойжеткенді әскери комис­сариат бірнеше мәрте кері қайта­рады. Бірақ Анна өз дегенінен қайтпайды. Әскер қатарына алын­ған бозбалалар мен бірге соғысқа баруға бел буады. 1943 жылы Анна Котова Украинаның 2-фронтын­дағы эвакуациялық госпитальға жіберіледі. Соғыс аяқталғанымен мобилизацияға тек 1946 жылдың маусым айында шығады. Өмір үшін арпалысқан әрбір пациент соғыс ардагерінің есінде сақталған.

Мария Ефимовна Шинкевич 1925 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысы Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 19 жасқа толған күні әскерге шақырылды. Мәскеу Бас әскери мектебінің әйелдер мергендік мектебінде оқыған, содан кейін 1945 жылдың тамызына дейін 3-ші Белорусь және Украина майдандарында мерген болған. Жеңісті Прагада қарсы алған.

ІІ дәрежелі Отан соғысы ор­денімен, «Ерлігі үшін», «Германия­ны жеңгені үшін» медальдарымен, Кеңес Одағының Маршалы Г.Жу­ковтың медалімен, «Украинаны азат еткені үшін» және жауынгерлік еңбегі үшін алғысхаттармен мара­пат­талған. Соғыстан кейін көптеген майдангерлер сияқты елді қалпына келтіруде жұмыс істеген.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы