Елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне әрдайым айрықша құрмет көрсетіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл – бұлжымас парыз, айнымас міндет. Мәселен, Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғасым Әжітаевтың шаңырағына барып, ризашылығын білдірді.
Бүгінде Нұрғасым Әжітаев – 101 жасты алқымдап отырған ардақты ардагер. Ол 1925 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы Сарықамыс топырағында дүниеге келді. Әр жылдары Құлжабасы елді мекенінде, Семей қаласында өмір сүрді. 1943 жылы 15 қаңтарда әскер қатарына шақырылып, сол жылы Новосібір қаласындағы мергендер мектебін тәмамдады.
Майдан жылдары Нұрғасым Әжітаев Курск доғасындағы шайқастарға қатысты. Авиациялық бөлімдерде атқыш қызметін атқарды. Берлинді алу кезіндегі ұрыс шебінен табылды. 1945 жылғы 9 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында 293-атқыштар дивизиясының құрамында Жапонияға қарсы соғысты. Әскери атағы – рота старшинасы.
Етігімен қан кешкен есіл ердің ерлігі елеусіз қалған жоқ. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Маршал Г. К. Жуков» медальдарымен және өзге де марапаттармен наградталды. Бүгінде ғасыр жасаған ардагер 7 баласының, 10 немересі және 10 шөбересінің мейіріміне бөленіп, қызығына кенеліп отыр.
«Бейбіт күн – ең қымбат қазына. Ашық аспаннан артық байлық бар ма? Жас ұрпақ біз бастан өткерген қиыншылықты көрмесе екен деймін. Әр күн сайын елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тілеп отырамын. Шекарамыз бүтін болсын. Азаматтар арасында әрдайым татулық пен ауызбіршілік берік орнап, мемлекетіміз өркендей берсін», – деді ардагер.
Осы орайда, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек елімізде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне айрықша құрмет көрсетілетін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Айбынды аға буынымыз майдан даласында қайсарлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткенге құрмет – ұрпаққа міндет. Ел азаматтары батыр бабаларымыздың ерен ерлігін ешқашан ұмытпайды. Сондықтан «AMANAT» партиясы ардагерлердің атқарған ісін, өнегелі өмірін алдағы уақытта да ұлықтай беруге мүдделі», – деді Дәулет Кәрібек.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жыл сайын елімізде қарияларға түрлі қолдау шаралары көрсетіледі. Сондай-ақ партияның республикалық QAISAR әскери-патриоттық жобасы да ел аумағында жүйелі жүзеге асырылуда. Биыл осы жоба аясында еліміздің 20 өңірінде 5 мыңнан астам жас азаматтың қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізілді. Бұған қоса, партияның аймақтық филиалдары үш жылдан бері «Сарбаз болғым келеді» ауқымды акциясын ұйымдастырып келеді. Оған ел аумағында 600 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысып, алғашқы әскери дайындықпен танысты.