Бүгін қалалық ауруханада ем қабылдап жатқан тәртіп сақшыларын арнайы құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасымен ІІМ Жеке құраммен жұмыс істеу департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков Қарағанды облысына арнайы барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Министрлік өкілі Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловпен бірге Шахтинск қалалық ауруханасына барып, қызметтік борышын өтеу кезінде жарақат алған полицейлермен кездесті. Кездесу барысында Олжас Мырзабеков Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің атынан алғыс білдіріп, көрсетілген ерліктің жоғары бағаланғанын атап өтті.
– Сіздердің оқиға кезіндегі жанқиярлық әрекеттеріңіз, адам өмірін сақтап қалудағы батыл қадамдарыңыз және қызметке деген адалдықтарыңыз Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды. Бұл – үлкен ерлік пен кәсібиліктің көрінісі. Осындай қайсарлықтарыңыз кейінгі жас буынға үлгі болады. Емдеріңізді толық аяқтап, қайтадан сапқа қосылып, ел тыныштығы жолында абыройлы қызметтеріңізді жалғастырады деп сенеміз, – деді Олжас Мырзабеков.
Іс-шара барысында Президент Жарлығынан үзінді оқылып, ерлік көрсеткен қызметкерлер – Руслан Тазиев, Асхат Бердібеков, Нұргелді Құлжабеков, Ерназ Өскенбай және Дулат Ситахметовке "Ерлігі үшін" медалі табысталды. Марапат иелері көрсетілген құрмет үшін Мемлекет басшысына және Ішкі істер министрлігіне ризашылықтарын білдірді.
– Біз үшін ең бастысы – адамдардың өмірін аман алып қалу. Сол сәтте уақытпен де, қауіппен де санасқан жоқпыз. Бұл – әрбір полиция қызметкерінің азаматтық әрі кәсіби парызы. Көрсетілген сенім бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да ел игілігі үшін адал қызмет етуге дайынмын, – деді патрульдік полиция взводының инспекторы Ерназ Өскенбай.
Ал полиция қызметкері Дулат Ситахметов бұл марапаттың оның қызметіне жаңа серпін бергенін айтты.
– Берілген марапат маған зор жігер сыйлады. Бұл – тек құрмет қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Халық сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз, – деді ол.
Еске сала кетейік, 23 наурыз күні Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, артынша өрт шыққан еді. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция қызметкерлері тұрғындарды жедел эвакуациялап, адам өмірін құтқару кезінде түрлі жарақат алды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.