Ақтөбе облысында әкім кенеттен қайтыс болды

43 жастағы шенеуніктің денесі 6 мамыр күні таңертең өз үйінен табылған.

Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

43 жастағы шенеуніктің мәйіті 6 мамыр күні таңертең өз үйінен табылған. Кейбір деректе оның өз-өзіне қол жұмсағаны айтылады. 

Марқұмның қазасы туралы ақпаратты аудан әкімдігі растады. Полиция оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, Қуанышбек Серікжанов соңғы уақытта ем қабылдап жүрген және қызметінен кету туралы шешім қабылдаған.

Қуанышбек Серікжанов Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі қызметіне 2023 жылы тағайындалған. Мемлекеттік қызмет саласында 2014 жылдан бері еңбек еткен. Артында төрт баласы қалды.