Соңғы күндері өңірде биіктіктен құлау деректері жиілеп, алаңдаушылық туғызуда. Шаһарда жұмыс үстінде тұрғын үйден құрылысшы құлап кетті, – деп хабарлайды Аikyn.kz порталының тілшісі.
Соңғы күндері төтенше жағдайлар жиынтығында биіктіктен құлау оқиғалары жиілеп кеткені байқалады. Кезекті оқыс жағдай Көкшетау қаласында тіркелді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Сарыарқа ықшамауданындағы салынып жатқан тұрғын үйдің құрылыс алаңында ер адам бірінші қабат деңгейінен құлаған. Алайда оқиға салдары аса ауыр болғаны айтылуда. Себебі жерге құрылыс материалдары төселген болуы мүмкін.
Оқиға салдарынан зардап шеккен азамат түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Дәрігерлер оның бірнеше сүйегі сынуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Аталған дерек бойынша іс Көкшетау қалалық Полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – деді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаменті бұл жағдайға қатысты жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама түспегенін мәлімдеді.
Осы жағдай бойынша Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен жоқ, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда, – деді ведомстводан.
Осыған ұқсас оқиғалардың жиілеуі құрылыс нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты сұрақтарды қайта көтеріп отыр. Мамандардың айтуынша, еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау – мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.
Қазір арнайы комиссия құрылып, құрылыс алаңында техника қауіпсіздігі талаптарының қаншалықты сақталғаны тексерілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.