Ақтаудағы жұмбақ өлім: марқұмның отбасы істі қайта ашуды талап етті

Полиция бастапқыда оқиғаны суицид деп бағалап, тергеу ісін тоқтатқан. Бірақ марқұмның ата-анасы бұл қорытындымен келіспейді.

Ақтаулық ана 24 жастағы қызы Маржан Сұлтанғалиеваның жұмбақ жағдайда қаза болуына қатысты істі қайта тергеуді талап етіп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Маржанның мәйіті 1 қаңтар күні өз пәтерінен табылған. Полиция бастапқыда оқиғаны суицид деп бағалап, тергеу ісін тоқтатқан. Бірақ марқұмның ата-анасы бұл қорытындымен келіспейді.

Анасы Гүлзира Демеуованың айтуынша, қызы 31 желтоқсан күні күйеубаласымен бірге үйге келіп кеткен, сол кезде оның көңіл-күйі қалыпты болған. Ал келесі күні Маржанның өлі күйде табылуы күдік тудырған. Сонымен қатар ол кейбір жағдайлар мен дәлелдер толық тексерілмегенін айтады.

Марқұмның анасы қызының үстінде ұзатылғанда киген киімінің болуы, оқиға орнындағы жағдай және кейбір әрекеттер күмән туғызатынын алға тартады. Оның пікірінше, тергеу толық әрі жан-жақты жүргізілмеген.

Маржан Сұлтанғалиева Ақтауда медициналық колледжде оқып, стоматолог мамандығына дайындалып жүрген. Ол болашақ күйеуімен жұмыс барысында танысқан. Ата-анасының айтуынша, бастапқыда ол тұрмысқа шығуға екі рет келіспеген, кейін келісім берген.

Тұрмыс құрғаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында жанжал жиілеп, отбасы Ақтау қаласына көшкен. Кейін Маржан өз пәтерінен өлі табылған.

Марқұмның туыстары істің бастапқыда «суицидке итермелеу» бабымен қозғалып, кейін жабылып қалғанын, ал сот-медициналық сараптамада да нақты қорытынды толық ашылмағанын айтады.

Заңгерлердің пікірінше, тергеу барысында кейбір әрекеттер кеш жүргізілген және барлық нұсқалар толық тексерілмеген. Осыған байланысты істі тоқтату ерте қабылданған шешім болуы мүмкін деген күдік бар.

Жәбірленуші тарап прокуратураға шағым түсіріп, нәтижесінде Ақтау қалалық прокуратурасы істі қайта жандандырған.

Қазір марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізуді талап етіп, істің толық әрі объективті қаралуын сұрап отыр.