Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтіледі

Синоптиктердің мәліметінше, жексенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. Көптеген өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

2026 жылғы 3 мамыр, жексенбі күніне арналған ауа райы болжамы жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Синоптиктердің мәліметінше, жексенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. Көптеген өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін. Ал елдің оңтүстік аймақтарында жел күшейіп, шаңды дауыл көтеріледі деп болжануда.

Тек республиканың солтүстік және шығыс бөліктерінде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады.

Түнде Ақмола облысының батысында, Солтүстік Қазақстан облысында және Павлодар облысының батысында ауа температурасы төмендеп, 1–2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.

Сонымен қатар, Қазақстанның бірқатар өңірінде жоғары өрт қаупі сақталады. Атап айтқанда, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында сақтық шараларын сақтау қажет.

Бұдан бөлек, Жетісу облысының оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі бар екені ескертілді.