Шампан шашқан видео: Астанада полиция тренд түсіргісі келетіндерге ескерту жасады

Аталған тренд әлемде бірнеше жыл бұрын пайда болғанымен, Қазақстанда енді кең таралып келеді.

Астанада қоғамдық орындарда шампан шашып, трендке айналған видео түсіретіндерге жаза қолданылуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Елорда полицейлері әлеуметтік желі үшін контент түсіремін деп, қоғамдық тәртіпті бұзатын азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. 

Соңғы уақытта желіде қыздардың көшеде шампан атып, «эстетикалық» видеолар түсіруі жиілеген. Аталған тренд әлемде бірнеше жыл бұрын пайда болғанымен, Қазақстанда енді кең таралып келеді.

Құқық қорғау органдары лайк пен қаралым жинау мақсатында заң талаптарын елемеу айыппұлға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

«Соңғы кезде контент түсіремін деген желі қолданушылары қоғамдық тәртіп нормаларын жиі бұза бастады», – деп мәлімдеді Астана қалалық полиция департаменті.

Полиция мәліметінше, мұндай әрекеттерге барған екі астаналық жауапкершілікке тартылған. Олардың бірі «Бәйтерек» монументі маңында шампан бөтелкесін ашып, ішімдікті шашып, аумақты ластаған. Ал тағы бір жағдайда бойжеткен қоғамдық орынның тазалығын әдейі бұзып, сусынды төккен.

Аталған деректер бойынша құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Полицейлер мұндай әрекеттер тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар қоғамдық орындарға және тазалық сақтаушылардың еңбегіне деген құрметсіздік екенін еске салды.