The Associated Press материалына сүйенген Aikyn.kz тұтастай америкалық штат аумағында танымал әлеуметтік желілердің жабылу ықтималдығын бағалайды.
Meta компаниясы Нью-Мексико штаты прокурорларының балалардың психикалық денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін компания платформаларына, соның ішінде Instagram-ға, түбегейлі өзгерістер енгізу туралы талаптарына жауап ретінде осы штатта өз әлеуметтік желілерінің жұмысын тоқтату мүмкіндігін қарастыруда.
Прокурорлар Meta-ны қоғамдық қауіп төндіреді деп айыптап отыр. Бұл – істің екінші кезеңі. Бұған дейін қазылар алқасы Meta балалардың психикалық денсаулығына саналы түрде зиян келтіргенін анықтап, 375 миллион доллар көлемінде азаматтық айыппұл салынған болатын.
Прокуратура соттан балаларға арналған әлеуметтік желі аккаунттарына бірқатар өзгерістер енгізуді міндеттеуді сұрап отыр. Бұл талаптар тәуелділік тудыратын функцияларды шектеуге, жасты тексеру тетіктерін жақсартуға бағытталған.
Meta басшылығы компания балалар қауіпсіздігін ұдайы жетілдіріп, әлеуметтік желілерді компульсивті пайдаланумен күресіп келе жатқанын айтқан. Бірақ қолданушылардың 13 жаста екенін тексеруді 99%-дық дәлдікке жеткізу туралы ұсынылған талапты және басқа да қатаң шарттарды орындау мүмкін емес екенін мәлімдеген.
«Іс жүзінде бұл талап Meta-ны не осы штаттағы барлық қолданушы үшін өз қызметін тоқтатуға, не мүлде орындалмайтын міндеттемелерді қабылдауға мәжбүрлейді», – делінген компания мәлімдемесінде.
Нью-Мексико штатында танымал әлеуметтік желілердің қызметін тоқтату, штаттың 2,1 миллион тұрғыны үшін өте танымал платформаларда, соның ішінде Facebook пен WhatsApp-тағы жеке байланыстарын үзуі мүмкін.
Калифорниядағы Санта-Клара университеті заң мектебінің жанындағы жоғары технологиялық құқық институтының директоры Эрик Голдманның айтуынша, Meta Нью-Мексикодан кетсе, бұл балаларға келтірілетін зиянға қатысты барлық алаңдаушылықты бір жағынан сейілтуі мүмкін. Бірақ бұндай қадам технологиялық алпауыттың әдейі дұшпандық сипаттағы сес көрсету белгісі сияқты көрінеді.
Өткен айда Лос-Анджелестегі қазылар алқасы Meta мен YouTube компаниялары балаларға зиян келтірді деген қаулы қабылдады. Бұл шешім әлеуметтік желілердің қаупі туралы бұрыннан айтылып келе жатқан алаңдаушылықтарды тағы да растады.
Нью-Мексико штатының бас прокуроры Рауль Торрес онлайн баспасөз мәслихатында: «Олардың бүкіл ел бойынша өз өнімдерін сатуды тоқтатқысы келетініне де, соған қабілетті екеніне де қатты күмәнданамын», – деген.
АҚШ-пен қатар, басқа елдер де балалардың интернеттегі белсенділігіне қатысты әртүрлі шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында әлеуметтік желілерге тыйым салудан бастап, жасөспірімдердің аккаунттарын ата-анасының аккаунттарымен байланыстыру талабы бар.