Дональд Трамп «КОРОЛЬ» атанды

Ұлыбритания королі Чарльз бен патшайым Камилла төрт күндік мемлекеттік сапармен АҚШ-та болды. 27-30 сәуір күндерін Король америка-британ арасын жақындастыруға арнады.

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz британдық монархтың АҚШ-қа сапарының қызықты тұстарын талдайды.   

АҚШ президенті Дональд Трамп егер оның және Король Чарльздің арғы аталары бүгінгі сәтті көре алса, «адам еркіндігі жолындағы англо-америкалық революцияның» бүгінге дейін жеткеніне сөзсіз таңданып, мақтанар еді» деп ой толғады.

Ақ үйдегі салтанатты қарсы алу рәсімі кезінде президент Трамп мінберден түсіп, Ұлыбритания монархы Чарльзбен қол алысты. Сол сәтте екеуі де күліп жіберді. Ақ үй осы сәттің фотосуретін: «ЕКІ КОРОЛЬ» деген жазумен  X (Twitter) желісінде жариялады. 

Бұл Трамптың екінші президенттік мерзімі кезінде монархиялық символикамен ойнаған алғашқы жағдай емес. 2025 жылғы қазанда ол жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоны жариялаған еді.

Онда Трамп тәж киіп, «Корольдерге жол жоқ» деген ұранмен оның әкімшілігіне қарсы наразылық білдірген адамдардың үстінен ұшып бара жатқан жойғыш ұшақты басқарып отырғандай бейнеленген. Тағы бір видеода Трамп тәж, корольдік шапан киіп, қолына қылыш ұстап тұр, ал демократ-конгрессмендер оның алдында тізе бүгіп тұрған болып көрсетілген.

Нью-Йорк штатынан сайланған демократ Джо Морелле Reuters агенттігіне: «Америка мен Ұлыбританияның арасындағы маңызды айырмашылықтың бірі – егемендік халыққа тиесілі. Бізде егемендікке бір ғана адам ие емес. Президент осы айырмашылықты түсінбейді деп ойлаймын», – деген.

Конгресс алдында сөйлеген сөзінде Чарльз екі елдің ортақ мұрасы мен басқару қағидаттарына тоқталды. Ол Ұлы хартияны, 1689 жылғы Британ құқықтар декларациясын және 1791 жылғы Американың Құқықтар туралы биллін атап өтіп, «атқарушы билік тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне бағынады» деді.

CBS арнасының 60 Minutes бағдарламасына берген сұхбатында Трамп 25-ші сәуірде Құпия қызмет агенттері Washington Hilton отеліндегі президентке қарсы қастандық әрекетінің алдын алғаннан кейін, өзін король сияқты ұстайды деген айыптауларды жоққа шығарды.

«Мен король емеспін. Егер мен король болсам, сізбен бірге отырмас едім», – деп әзілдеді президент Дональд Трамп Нора О’Доннеллге берген сұхбатында.