Сырға серпін берген сала

Сыр өңірінде заманауи үлгіде жабдықталған жаңа жылу электр орталығы іске қосылды. Бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағала­нып отыр.

Жыл басында Қызылорда қаласында өт­кен Ұлттық құрылтайдың V оты­ры­сында Мемлекет басшысы аймақтың әлеу­мет­тік-экономикалық даму қарқынына тоқталып, жаңадан бой көтерген ЖЭО-ның мүмкіндігін жоғары бағалаған болатын. Кеңесте Президент: «Со­ның ішінде жаңа жылу электр орталығы іс­ке қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стра­те­гиялық маңызы бар бұл нысан толығымен ин­вестордың қаржысына салынды. Жылу ор­талығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін ны­ғайта түседі», – деп ерекше атап өтуі, жаңа ор­талықтың аймақ үшін стратегиялық маңы­зын айқындап берді.

Сыр шаһарында бұған дейін 1964 жылы пай­далануға берілген жылу электр орталығы жұ­мыс істеп келді. Кейінгі жылдары 60 жылдан ас­там уақыт үздіксіз жұмыс атқарған инф­ра­құры­лымдық нысанның техникалық мүм­кін­діктері халық сұранысын толық өтей ал­май­тыны байқалады. Өйткені небәрі 67 мегаватт электр энергиясын өндіретін ескі станция об­­­­лыстың қажеттілігінің небәрі 30 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы болды. Бұл бірін­ші кезекте халық санының артуы мен жер ау­қымының кеңеюіне де тікелей байланысты еді. Сондықтан жеткіліксіз электр энергиясын сырт­тан тасымалдауға мұқтаждық туды. Осы рет­те аталмыш түйткілді шешудің жалғыз жо­лы – өңірден жаңа жылу электр орталығының салу ісі өздігінен сұранып тұрды. 

Өңірдегі жылу электр орталығын салу бас­тамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асы­рыла бастады. Облыс әкімінің ықпалымен біре­гей жобаны жүзеге асыру Түркияның Aksa Energy компаниясына тапсырылды. Толықтай инвестор қаржысына салу жоспарланған жоба­ның жалпы құны 215 млрд теңге болды.

– Өңірде жаңа жылу электр орталығының құрылысы 2024 жылы қарқын алды. Алғашында инвестициялық келісімшартқа сәйкес, стра­те­гиялық нысанды іске қосу 2026 жылдың та­м­ыз айына жоспарланған. Алайда облыс бас­шысының ықпалымен жылу электр орта­лы­ғының құрылысы межелі мерзімнен бұрын іс­ке қосылып отыр. Құрылыс жұмыстары бар­лық талап үдесіне сай жүргізіліп, толық қуа­тын­­да жұмыс істей бастады. Аталмыш орталық ке­лешекте аймақтың индустриялық дамуына тың серпін беретініне сеніммен қараймыз, – дейді Қызылорда облысының энергетика және тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­ма­сы басшысының орынбасары Тахир Нә­дір­бек.

Аталмыш нысан энергетика саласы ғана емес, өңір экономикасының жаңа деңгейге кө­терілуіне жол ашатын маңызды стратегиялық қа­дам саналады. Бұл өз кезегінде өңірдің энер­гетикалық қауіпсіздігін тәуелділіктен арылтып, жаңа өндірістердің ашылуына мүмкіндікті арт­тырады деп жоспарланып отыр.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, мұнда әлемнің жетекші өндіріс орындарының жаб­дықтары орнатылған. Атап айтқанда, АҚШ-тың General Electric компаниясының газ турбиналары, Чехияның Doosan Skoda бу тур­бинасы, Италияның AC Boilers бу қазан­дық­тары және Түркияның Mimsan су жылыту қа­зандықтарымен жабдықталған. Бұл жаб­дық­тар энергия өндіру тиімділігін арттырып қана қой­май, экологиялық талаптарға да толық сәй­кес келеді.

Қазір станция 176 мегаватт электр энер­гия­сын өндіруде. Алдағы кезеңде 95 мега­ват­тық бу газ турбинасы толық іске қосылса, ны­сан жобалық қуаты артып, облысты толық кө­лемде электр энергиясымен қамтамасыз ете­тін болады. 

– Бүгінде Қызылорда облысының электр энер­­­гиясын тұтыну көлемі шамамен 220 ме­гаватқа жетті. Демек, жаңа станция іске қо­сыл­ғаннан кейін өңір өзін-өзі электр энер­гиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық энергияны өзге өңірлерге жеткізу мүмкіндігі ар­тады. Жобаның тағы бір маңызды тұсы – оның экономикалық тиімділігінде деп айтуға бола­ды. Яғни, жаңа жылу электр орталығы газ­­ды бұрынғы станциямен салыстырғанда 50 пайызға дейін үнемдейді. Бұл – өндіріс шы­ғын­дарын азайтып, энергияның өзіндік құнын тө­­мендетуге мүмкіндік береді, – дейді Тахир Қуанышбекұлы.

Энергетикалық нысанның тағы бір ерек­шелігі – станция небәрі 20 минут ішін­де 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жүк­темені өзгерте алады. Бұл мүмкіндік елі­міз­дің оңтүстік өңір­леріндегі энергия жүйесінің тұрақ­тылығын қам­тамасыз етуде ерекше маңыз­ға ие. Тағы бір айта кететін жәйт, жаңа станцияның жылу беру мүмкіндігі де айтар­лықтай жоғары. Егер ес­кі орталықта желілік температура 95 гра­дус­пен шектелсе, жаңа ны­санда бұл көрсеткіш 130 градусқа дейін жететін көрінеді. Сонымен бірге техни­ка­лық тұрғыдан алғанда, су қыздыру қа­зан­дықтарының пай­далы әсер коэффициенті шамамен 30 пайызға жоғары. Бұл да энергия тиімділігін арттыруға үлкен сеп дейді маман­дар.

Станцияның автономды режимде жұмыс іс­тейтіні де ерекше назар аударуға тұрарлық. Яғни, магистралды электр желілерінде қандай да бір ақау немесе кернеу тұрақсыздығы болған жағдайда станция өз жұмысын тоқтатпай, энер­гия өндіруді жалғастыра алады. Мұның өңір­дегі әлеуметтік нысандардың, өндірістік кә­сіпорындардың және тұрғындардың үздіксіз электрмен қамтылуын қамтамасыз етуге ық­палы зор.

– Бүгінде станция толығымен іске қосылды. Нақ­ты уақытта екі газ турбина үздіксіз жұмыс жа­сап тұр. Соның негізінде тұрақты түрде 176 ме­­­гаватт электр энергиясы өндірілуде. Шама­мен бір айдың көлемінде қалған жұмыстарды бітіруге мүмкіндік бар. Яғни, жақын күндері қосым­ша 95 мегаватт генераторды іске қоса­тын боламыз. Нақты жоспар бойынша мамыр айын­да станция жұмыстары толықтай аяқ­талу­ға тиіс. Қазір бу газ турбинасын іске қосу кезеңі жүргізіліп жатыр. Бүгінде нысанда шамамен 400-дей адам жұмыс жасауда. Оның ішінде 30-40 адам түрік мамандарын қамтыса, қалған ба­сым бөлігі жергілікті жұмысшылар, – дейді кәсіпорын директорының көмекшісі Камал Мадатов.

Жалпы, Сыр өңірінде жаңа жылу электр ор­та­лығының іске қосылуы электр энергия­сы­ның жеткілікті әрі тұрақты болуына, жаңа өн­діріс орындарын ашуға, шағын және орта биз­несті дамытуға зор мүмкіндік беріп тұр. Со­нымен қатар бұл жоба келешекте өңірден жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға оң ықпал бола­ды деген үміт зор.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы