Мен – депутатпын!

Халық қалаулысы деген ат қандай жақсы! Ел-жұрттың алдында жүресің. Сен келе жатқанда жұрт алдында қоғадай жапырылып, қайда бұрылсаң, сол жаққа күнбағыстай басын иіп тұрады. Сондықтан мен жанбағыс пен күнбағысты жақсы білемін.

Жұртты өзіме қарата жаутаңдатып қою әдісін біршама меңгердім. Әйелімнің атына тіркеген бизнесімді енді жау алмайды. Биік мінберлерден сөйлеп, биік астаулардан жем жеп жүрмін. Күнбағыстарым маған қарай иіліп тұрады. Мен оларға қарап бұйырып тұрамын.

Енді ешкімге сыр шашып қоймаңыздар, бұл депутат дегеніңіз барып тұрған майхана екен. Шайхана десе де болады. Әкімдіктегілердің тілін тапсаңыз, тендер біткен сенікі. Айтпақшы, тендер беруге көмектескен адамға «шляпа» беріп қоясыз.  Бұл – жанбағыс деген амалы-мыздың анықтамасы.

Енді депутат болып, оның үстіне кәсіпкер болып тұрып Айды аспанға шығарып жүрме­сең, нең депутат? Саған да біреу сыртыңнан сүйсіне қарап тұруы керек емес пе? Не амал істесем екен?

Осы біздің қазақ деген халық бар ғой, данышпан! «Атың шықпаса жер өрте» дейді. Ойбай-ау, жер өртеп нем бар? Сол күні-ақ полицейлер келіп, қолымды ар­тыма қайырып түрмесіне жап­пайды ма? Менің депутаттық ман­датыма қарайды дейсің бе? Ендеше не істеуім керек?

Таптым! Бір әріптесіміз жүріп-жүріп отызға келгенде үйленетін болды. Сірә, «оты­зыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аспайсың» дегенді сайтан құлағына сыбырлады-ау деймін. Осы әріптес достың беташарыңда жұртты таңғалдырудың орайы өз-өзінен келіп тұр емес пе? Жи­нал­ғандар ауыздарын ашып, көздерін жұмып таңғалған­дарынан талып қала жаздайтын бір көрініс қойсам ғой, қатып кетпейді ме? Сонда менің депутат атыма Атымтай Жомарт атым үстемеленбейді ме? Әй, өзім де қумын ғой. Дереу іске кірістім. 

Сол күні төсқалтамды, жан­қалтамды теңгелерге толтырып, беташарға алшаң басып бардым. Беташатын жігіт қолына оқ­тауын, жо-жоқ, домбыра­сын алып, беташарды әуелетіп бастап кетті. Ортадағы банкіге әркім саусағының арасына қысып қана әкеліп, бірдеңе тастап жатыр. Мына біреу жомарт екен, он мың теңге тастады. Қарай гөр! Мынаусы қайтеді-ей! Не тастап жатыр? Е, бес жүз мың теңгелік екен ғой. Бәсе, неге бүгежіктеп еді деп едім. Әй, мына біреудің ортаға ойқастап шыққаны несі? Сірә, доллар тастайтын шығар. Жоқ, бұл да қатырмады. Түйедей тайраңдап шыққанына қараған­да, кемінде жүз доллар тастайтын шығар деп ойлап едім, бір уыс бүктелген бірдеңе тастап жөнеп берді. Сірә, жомарт көрінгісі кеп кетті-ау деймін.

Жомарттықтың көкесін мен көрсетейін бұларға. Атым атал­ғанда ортаға асықпай маң-маң басып шықтым. Мына қалтамнан да, ана қалтамнан да бума-бума теңгелерді алып шығып, біртің­деп санап тұрып банкіге салып жатырмын. Жиналғандар талып қала жаздады. Бет ашып тұрған жігіттің банкіге түсіп жатқан тең­гені санаймын деп ауызы көпіріп кетті. Ал бейнежазбаға түсіріп тұрған оператор жігіт шайқаты­лып құлап қала жаздады. Айнала ысқырық, қол шапалақтауға то­лып кетті. Еліріп, билеп жүрген­дер көбейді. Жер тепкілеп, ай­қай­ға сүрең қосушылар көбейді. Соларға елітіп қалдым-ау сірә, мен де желіге түстім. Теңгені әуе­лете көтеріп, бұрқырата шашып, банкіге тастап жатырмын.

Бір кезде қарасам, мекеме­міздегі жұмысшыларға тарататын 25 миллион теңгені түгел банкіге тастап жіберіппін. Енді айтпау керек, айтқан соң қайтпау керек. Банкіге түсіп кеткен теңгені қай­тып ала алмайсың. Алсаң ұятты боласың. Депутат басыңмен ұят­ты болған қандай жаман! Құры­сын! Бетті бастым. Ортадан тұра қаштым.

Тегі, 25 миллион деген мен сияқты кәсіпкерге не тұрады? Бастысы, беташарға жиналған­дарды бір таңғалдырдым. «Ән­шейінде қалтасында осынша қар­жы жүрсе, мықтағанда қал­тасынан қанша теңге шығар екен?» деп қыз-келіншектер қырылып қала жаздады. Маған керегі де осы!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ