Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әйелдер арасындағы турнирге төрт команда қатысты: Қазақстан, Қытай, Таиланд және Гонконг. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Әр құрама бір-бірімен кездесті.
ҚР ҰОК мәліметінше, соңғы кезең алдында Қазақстан мен Қытай құрамаларының еншісінде екі жеңістен болды. Сондықтан алтын жүлденің тағдыры қос команда арасындағы тікелей кездесуде шешілді.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұйымдастырушылар шешуші ойынды кейінге қалдырып, оны жабық ғимаратта өткізді.
Тартысты өткен матчта Қытай құрамасы жеңіске жетті. Қарсыластар үш кезеңде басым түссе, қазақстандықтар бір кезеңде ғана жеңіске жетті. Қорытынды есеп - 3:1 Қытайдың пайдасына.
Осылайша, қазақстандық спортшылар екінші орынға ие болып, ел қоржынына жағажайдағы Азия ойындарының бесінші жүлдесін салды. Саньядағы додада ел намысын Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай қорғады.
Бұған дейін джиу-джитсу шеберлері де бес жүлде еншілеген еді. Нұржан Батырбеков (69 келіге дейін) чемпион атанса, Батыр Теңізбай (62 келіге дейін), Әлинұр Қуатұлы (69 келіге дейін) және Сейілхан Болатбек (77 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.