Қазақстан: өңірлік цифрлық хабқа айналуы керек

Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

Президент елімізде қоғамның барлық саласын қамтыған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

– Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конс­ти­­­­туциясы қабылданды. Бұл, ең алдымен, еліміз­дің келешегі үшін өте маңызды және тарихи қадам болды. Азаматтарымыз, әсіресе жастарымыз мұны жақ­сы түсінеді. Олар республикалық референдумға бел­сене қатысып, Ата заңды қолдап, дауыс берді. Жұр­тымыз бір қоғам болып жауапкершілік пен отан­шылдық рухының озық үлгісін көрсетті. Тұ­ғырына қонған жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақ­саттары көрініс тапты. Бүгін осы жиынға ел жас­тары, білімді, білікті, зияткер азаматтар қаты­сып отыр. Мен сіздерді Қазақстанның жарқын болашағы деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы озық ой­лы жастар елімізді биік белестерге бастап, ұлтымыздың мерейін өсі­ретініне сенім білдірді.

– Халық Конституциясы – өс­келең ұрпаққа жол көрсететін те­мірқазық. Жаңа Ата заңымыз – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Заң мен тәртіп қағидаты мемлекетіміздің өзегіне, ұлт са­насының арқауына айналды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы халқымыздың туған жерге, тұмса табиғатқа деген қамқорлығын кү­шейтті. Елімізде қоғамдық ма­ңы­зы бар жұмысты міндет емес, қастерлі парыз санайтын нағыз жанашыр азаматтар көбейді. Біз оларды еріктілер немесе волон­терлер деп атаймыз. Міне, осы құндылықтардың бәрі де Халық Конституциясының преамбу­ла­сына арнайы жазылды. Мемлекет­тің басты байлығы – адам. Сон­дықтан адам капиталын дамыту конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бас құжатта еліміз­­­­­дің ғылым мен білімге, иннова­­цияға басымдық беретіні нақты көрсетілді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлемнің аса жоғары жылдам­дық­пен дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, қазіргідей құбылмалы, дүрбелеңге толы заманда бәсекеге қабілетті ел болып, көш соңында қалмай, өркениетті елге сай өсіп-өркендей беру қажет.

– Елімізде осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму ми­нистрлігі құрылды. Жаңа тех­нологияларды енгізу үшін заң­намалық негіз жасалып, Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енді. Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқын­дайтын Digital Qazaqstan стра­те­гиясы бекітіледі. Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы». Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент цифрлық техно­ло­гиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тәсілдерді үнемі жаңартып отыруды талап ететінін атап өтті.

– Есептеуіш инфрақұрылы­мын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Суперком­пью­тер кластерінің іске қосылуы елі­міздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға бол­ды. Келесі мақсат – елімізде Де­ректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды кү­­шей­туге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды ин­теллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі фак­торларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды. Жазда Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. Дәстүрлі ережелер мен ки­берспортты ұштастыратын жа­рысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорт түрі озық технологияларды күнделікті тұрмысқа жедел бейім­деуге, ең бастысы, жастар ара­сын­да спортты насихаттауға жол аша­­ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ай­­туынша, күзде Қазақстанда Astana AI Film Festival атты тағы бір маңызды халықаралық байқау ұйымдастырылады.

– Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көр­сететін жаһандық деңгейдегі ал­ғашқы іс-шара болмақ. Жа­сан­ды интеллект шығармашылық табиғатына түбегейлі бетбұрыс әкеледі, өзін танытудың жаңа фор­маларын ашады әрі таланттар­дың алдынан шығатын кедергі­лерді азайтады. Қазақстан осы жаһандық жаңашылдықтардың бел ортасында болуға ұмтылады. Сонымен қатар жасанды интел­лект әсерінен креативті индустрия жойылады, қазіргі күйінде сақ­тал­майды деген пессимистік бол­жам­дарды ескеру керек. Сон­дықтан барлық үрдісті бақылап, өзгерістерге дер кезінде бейімделу қажет. Фестивальді ұйымдастыру Қазақстанды халықаралық аре­надағы инновациялар мен жа­сампаз бастамалар орталықтары­ның бірі ретінде көрсету үшін өте маңызды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифр­ландыру және жасанды интел­лектіні жаппай енгізу үдерісі ауқым­ды өзгерістерге жол аш­қанын айтты.

– Сондықтан біз азаматтардың әлеуетін арттыруға, оларға цифр­лық дағдыларды үйретуге баса мән беріп отырмыз. Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жа­тыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-техно­логиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек. Биыл елімізде жаңа үлгідегі тех­нологиялық білім ордасы – Жа­санды интеллект университеті ашылады. Бұл ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ. Енді алдымызда тұрған өзекті міндет: біз осы салада білікті маман даяр­лау ісіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Дарынды жастарды тартып, оларға сапалы білім беру қажет. Сондай-ақ келешегі зор техно­ло­гиялық жобалар мен компания­лар­ға қолдау көрсету айрықша маңызды. Осындай жүйелі жұ­мыс­тың нәтижесі де еліміз үшін тиімді болары анық, – деді Мем­лекет басшысы.

Бүгін екі байқаудың жеңімпаз­дары марапатталатынын жет­кіз­ген Президенттің айтуынша, ұшқыр ой мен терең білім сынға түсетін мұндай додалардың берері мол.

– Мазмұнды әрі тартысты жа­рыстар арқылы жаңашылдық, ізденімпаздық, жасампаздық құн­дылықтары кеңінен дәріптеледі. Қоғамда жаңа технологиялық мәдениет қалыптасады. Alem.ai battle сайысына мектеп оқушы­­лары, студенттер, жас ғалымдар және IT саласының мамандары қатысты. Олар өзара тәжірибе ал­масып, бір-біріне қолдау көрсетті. Байқау аясында дарынды аза­мат­тарымыз денсаулық сақтау жүйесі, білім беру саласы және жасанды интеллект модельдерін үйрету мә­селесіне қатысты инновациялық шешімдер ұсынды. Сондықтан бұл сайысты озық идеялардың бәсекесі десек, қате болмайды. Осындай шаралар сіздерді кәсіби тұрғыдан шыңдайды, елімізде және әлемде сұранысқа ие бола­тын маңызды жобаларды іске асыруға жол ашады деп сенемін. AI Governance Cup байқауының да мән-маңызы айрықша. Бұл сайыста жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару ісіне енгізуге арналған іргелі бастамалар ұсы­­нылды. Соның ішінде медици­на­лық куәландыру жүйесін авто­маттандыру, интеллектуалдық про­курорлық қадағалау, педа­гог­терді қолдау жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі идея немесе пилоттық жоба дең­гейінде қалып қоймауы керек. Негізгі мақсат – озық идеялар мен бастамаларды мемлекеттік құры­лымдардың қызметіне кезең-ке­зеңімен енгізіп, жұмыстың тиім­ділігін арттыру. Осыған баса назар аудару қажет. Осындай беделді байқауларда жүлделі болу – шын мәнінде, үлкен жетістік. Сіздердің жеңістеріңіз – үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі екені сөзсіз. Бәріңізге шынайы риза­шы­лығымды білдіремін. Мем­ле­кет жаңашыл, жасампаз аза­­маттарға зор үміт артады, әрда­йым қол­дау көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы alem.ai battle ұлттық байқауы мен мемле­­­кеттік органдар арасындағы AI Governance Cup байқауының же­ңімпаздарын марапаттады.

Аlem.ai battle жарысының же­ңімпаздары төрт аталым бойынша анықталды:

– AI Young Talents – ағзада­ғы глюкоза мөлшерін инвазивті емес тәсілмен анықтайтын SuGuard жүйесі;

– AI Driving Power – мұға­лім­дердің жұмысын автоматтан­ды­руға арналған Ustaz AI шешімі;

– AI Innovators – ЖИ арқылы қатерлі ісікті ерте кезеңде анық­тауға арналған Robio диагности­калық қолғабы;

– Future Builders – ЖИ-мо­дельдерін үйретуге қолданылатын сапалы деректерді жинауға және қалыптастыруға арналған NCSPEECH стартап сервисі.

Үздік ЖИ-шешімдер байқа­уында мемлекеттік органдар ара­сынан Ішкі істер министрлігі («AI Қауіпсіздік» аталымы бойынша), Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігі («AI Экономика»), Астана қаласының әкімдігі («AI Әлеуметтік саясат»), Ақмола об­лысының әкімдігі («AI Өңір»), Қарағанды облысының әкімдігі («AI Азаматтарға қызмет») және KEGOC АҚ («AI Квазимемле­кет­тік сектор») топ жарды.