Педагогтердің құқығын қорғайтын заң қаралады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Бірінші оқылымда депутаттарға Пе­дагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзе­тулерді қарау ұсынылады. Заң жобаларын депутаттар Мемлекет басшысының педа­гогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін заңнамалық деңгейде күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі. Атап айтқанда, білім алушылар үшін педагогтердің жауапкершілігін тек оқу процесі кезімен шектеу, сонымен бірге балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіп­сіздігі үшін ата-аналардың жауап­кершілігін кеңейту ұсынылады. Бұған қоса, нормалар есептіліктің қағаз және электрондық фор­маттарда қайталануын болдырмайды және медициналық білім беру жүйесін же­тіл­діреді.

Сондай-ақ Мәжіліс атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бо­йынша заң жобасын бірінші оқы­лымда қарайды. Депутаттар бас­тамашы болған құжат азаматтардың құқығын қорғауға, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыруға бағыт­талған. Заң жобасы депутат­тардың 2025 жылы жеке сот орын­даушылары инсти­тутын дамытуға арналған Үкімет сағаты барысында дайындаған ұсынымдарын ескере отырып әзірленді. Атап айтқанда, өндіріп алу шегін 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайту арқылы атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары (айыппұлдар мен салық берешектерін өндіріп алу) бойынша оңайлатылған іс жүргізудің қолданылуын кеңейту көзделеді. Азаматтардың әлеу­меттік құқықтарын қорғау мақсатымен бо­рышкерді қоныс аударудың бел­гіленген күнінен кемінде он күн­тізбелік күн бұрын хабардар ету, сон­дай-ақ бітімгерлік келісім жа­салған кезде атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейінгі мерзімге тоқтата тұру ұсы­нылады.

Екінші оқылымда депутаттар арнаулы мемлекеттік органдардың қызметі мәселе­лері туралы заң жо­басын және Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске ілеспе тү­зетулерді қарайды.