Конақтарды қарсы алған Мәжіліс Төрағасы Пере Понстың Астанаға сапары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен өзара іс-әрекетті талқылау үшін тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясы белсене қатысқан Өңірлік экология саммитінің маңызды қорытындыларына тоқталды.
Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдағаны үшін Ассамблея басшысына алғыс айтты. Палата Спикері саммит барысында қабылданған Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы мен басқа да бірқатар маңызды келісімдер ортақ экологиялық күн тәртібін қалыптастыруға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.
– Бүгінде Орталық Азия Аралдың тартылуы мен Каспийдегі су деңгейінің таяздануы секілді ауқымды экологиялық проблемаларға тап болып отыр. Климаттың өзгеруі, шөлейттену, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері қазіргі экологиялық дағдарысты ушықтыра түсуде. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының өзектілігі анық, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы Пере Понсты Қазақстандағы саяси реформалар мен жаңа Конституцияның басты қағидалары туралы хабардар етті. Ол Ата заңда экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттің жауапкершілігі бекітілгеніне назар аударды. Бұл ретте азаматтар табиғатты сақтауға, табиғи байлықтарға ұқыппен қарауға міндетті.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қазақстан қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы дәйекті түрде реформалап келе жатқанына тоқталды. Мәселен, 2021 жылы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен әзірленген жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бүгінде елімізде жоғары экологиялық мәдениет қалыптасуда. Оған Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл ел бойынша миллионнан астам еріктіні біріктіретін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық қозғалысы үлкен серпін беруде.
Өз кезегінде Пере Понс Қазақстанды референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан барлық өзгерісті құптайтынын атап өтті.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Өңірлік экология саммитінің қорытындыларына жоғары баға беріп, экология, көлік, логистика, орнықты даму мәселелерінде Орталық Азия өңірінің елдерімен одан әрі ықпалдастықты күшейтуге шақырды.
Кездесу барысында тараптар терроризм, киберқылмыс, заңсыз есірткі айналымы сияқты жаңа жаһандық сын-қатерлер мен трансұлттық қауіптерге қарсы күрес жағдайында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына мүше парламенттердің үйлесімді жұмысының маңызды екеніне назар аударды.
Тараптар парламенттік дипломатия бүгінде мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігі екенін құптап, оны ортақ мақсаттарға жету үшін барынша пайдалануға дайын екендіктерін білдірді.
Кездесуге қатысқан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберто Монтелла, Экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің төрағасы, Әзербайжан Республикасының Милли Меджлис депутаты Азай Гулиев, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі, Грек Республикасы Парламентінің депутаты, «Грекия – Қазақстан» парламентаралық достық тобының тең төрағасы Ангелос Сиригос болды.