Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауар экспорты үшін қауіпсіз әрі тұрақты бағыттар қалыптастыруды міндет етіп жүктегенін айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы елдің транзиттік әлеуетін толық іске асыру үшін жекелеген жаңғырту шараларымен шектелмей, заманауи сын-қатерлерге төтеп беретін бірыңғай стратегия әзірлеу қажет екенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Еуразия құрлығында транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтып, толыққанды көлік-логистикалық державаға айналуға тиіс екенін үнемі айтып келеді. Транзиттік мүмкіндіктеріміз жоғары болғанына қарамастан инфрақұрылым, сервис сапасы, рәсімдердің жылдамдығы бойынша мәселелер бар екені жасырын емес. Сондықтан қазір жекелеген жобалар жиынтығы емес, бірыңғай ұлттық транзиттік жүйе қажет. Соңғы бес жылда көлік-логистика кешенін және транзиттік әлеуетті дамытуға 13,5 трлн теңге қаржы және инвестиция салынды. Алдағы уақытта осы және өзге де шаралар нақты нәтижесін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар палата Спикері Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі Еуразия арқылы өтетін сенімді бағыттарға деген сұранысты арттыра түскеніне назар аударды. Мұндай жағдайда Қазақстан мүмкіндікті жай ғана пайдаланып қоймай, жедел әрекет етіп, өз дәліздерін тұрақтылық пен жылдамдықтың эталонына айналдыруға тиіс. Осыған байланысты «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі мен Транскаспий бағытын жаңғырту және транзиттік үдерістерді цифрландыру мәселелеріне баса мән берілді.
Тыңдауға қатысушылар теміржол, автомобиль жолдары және порттық желілерді кешенді түрде дамыту қажет екеніне де кеңінен тоқталды. Бұл бағытта жаңа учаскелерді іске қосу, инфрақұрылымдық шектеулерді жою және шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту маңызды басымдықтар ретінде айтылды. Сарапшылар көлік түрлерінің барлығы бір-бірінен қалыс қалмай, үйлесімді түрде дамуы қажет екенін тілге тиек етіп, осы салаға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Парламенттік тыңдауда еліміздің Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және Дүниежүзілік банктің көлік жөніндегі аға маманы Ирина Ли баяндама жасады. Сондай-ақ іс-шараға Энергетика министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығы мен өкілдері, сонымен бірге қоғамдық және өңірлік ұйымдардың сарапшылары қатысты.