Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» галереясында Art Start жобасының жыл сайынғы көрмесі өтеді. Биылғы экспозицияның басты тақырыбы – «Естелік пен сәйкестік», – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Бұл жолы ұйымдастырушылар еркін форматтан бас тартып, қатысушыларға нақты концепция ұсынған. Барлық туындылар арнайы осы көрме үшін жасалып, естеліктің жеке және мәдени қырларын, өзін-өзі тану мен ішкі тәжірибені бейнелейді.
– Бұл жолы форматымыз ерекше. Біз «Естелік пен сәйкестік» тақырыбын ұсындық. Барлық жұмыстар дәл осы көрме үшін арнайы жасалып, тақырыптың мазмұнына сай болуы тиіс болды, – деді галерея жетекшісі Бибігүл Исполова.
Көрмеде 14 суретшінің жұмыстары ұсынылады. Олардың қатарында қалада және одан тыс жерлерде танымал авторлар — Пётр Кишкис, Мәдихан Қалмаханов және Евгения Казакова бар. Сондай-ақ Санкт-Петербургтен келген суретші әрі арт-терапевт Роман Черенков та қатысады. Кіру тегін. Экспозиция 14 мамырға дейін жұмыс істейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.