Кітап оқыған ұлт озады

Ұлттық кітап күні елімізде биыл екінші жыл қатарынан аталып өтіп жатыр. Бұл күн – қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Мерекенің мәні тек кітапты насихаттаумен шектелмейді, ол оқуға деген қызығушылықты оятып, ұлттың ой-өрісін кеңейтуге, таным көкжиегін тереңдетуге үндейді. Айрықша маңызы бар бұл күн 2023 жылғы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ресми түрде бекітілген еді. Мемлекет басшысы бұл жөнінде: «Кітапқұмарлық – өте жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз де осы тәжірибені қолдануымыз керек. Ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз қажет. Сонда ғана жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп атап өткен-ді.

Әлем жұртшылығы да кітап күнін тойлайды. Яғни, ЮНЕСКО бастамасымен 23 сәуір Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде ресми түрде белгіленген. 1995 жылы болған айтулы күннің басты мұраты – кітап оқуды дәріптеу, білім мен рухани құндылыққа деген құрметті арттыру, сондай-ақ шығармашылық иелерінің еңбегін қорғау мәселесіне қоғам назарын аудару. Күннің дәл осы датаға бекітілуі де кездейсоқ емес. 1616 жылдың 23 сәуірінде әлем әдебиетінің ұлы өкілдері – Уильям Шекспир, Мигель де Сервантес және Инка Гарсиласо де ла Вега өмірден озды. Олардың шығармалары адамзаттың рухани қазынасын байытып, әдебиет тарихында өшпес із қалдырды. Сондықтан бұл күн тек даталық белгі ғана емес, сөз өнеріне деген тағзымның символына айналды. Дүниежүзілік кітап күні аясында ерекше мән берілетін бағыттардың бірі – авторлық құқықты қорғау. Бұл ұғым жазушы, ақын, суретші, композитор сынды шығармашылық тұлғалардың еңбегін заң жүзінде сақтауды көздейді. Әсіресе, ақпарат ағыны күшейген цифрлық дәуірде авторлық құқықтың бұзылу деректері жиілеп отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, зияткерлік меншікті қорғау мәселесі бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті сипатқа ие болып отыр. 

Баспа саласы өз бағасын ала бастады

Осыған ұқсас ерекше бағыттарды, атап айтқанда қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтың бірі – кітап оқуға деген құштарлықты, елдің барлық өңірінде кітап оқу мәдениетін арттыруды алға тартатын күн де осы датамен сәйкес келеді. Демек, әлемдік деңгейде кеңінен атап өтілетін бас­тамамен үндес келетін Ұлттық кітап күнінің еліміз үшін де маңызы айрықша екенін атап өткен жөн. Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының президенті Әділ Қойтановтың айтуынша, руханиятқа бетбұрыс жасайтын бұл күннің атап өтілуі қазақ қоғамы үшін үлкен жетістік. Өйткені мұндай мереке бізге аса қажет еді. Себебі баспа саласында еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Кітаптың жарық көруіне автордан бастап баспагерге, кітапханашыдан полиграфия маманына дейін қаншама адам маңдай терін төгеді. Алайда осы уақытқа дейін бұл сала өкілдерінің еңбегі көбіне өзге мерекелердің тасасында қалып, кейде мәдениет күні аясында ғана аталып өтетін. Соның салдарынан олардың қажырлы еңбегі көп жағдайда еленбей қалатын. 

– Ұлттық кітап күні мерекесі соңғы екі жылдан бері тойланып келеді. Оған дейін мұндай арнайы мереке болған жоқ. Кеңес үкіметі кезінде «Баспа күні» аталып өтетін. Сондықтан бұл мерекені енгізу үшін біз қаншама жыл ұсыныс айтып, хат жазып жүрдік. Соның нәтижесінде, 2024 жылы Президенттің өзі қолдап, бекітіп берді. Бұл күннің кітап саласындағы мамандар үшін де маңызы зор. Биылғы мерекенің бір ерек­­шелігі – екі мейрамның біріктірілуі. Енді ол Ұлттық кітап және кітапханашылар күні болып аталып өтеді. Сондықтан екі саланың басы бір арнаға тоғысып, үлкен мерекеге айналғалы отыр. Бұл – өте тамаша үрдіс. Болашақта да азаматтардың кітап оқуға деген ынтасын арттыруға оның айтар­лықтай үлес қосары анық. Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясын құрудағы басты мақсат баспагерлерге қолдау көрсету болды. Біз жыл сайын Алматыда «Ұлы Жібек жолымен» атты көрме ұйымдас­­тырамыз. Одан бөлек, кеше ғана Болонияда әлемдегі ең үлкен балалар кітабы көрмесі өтті. Сол жерге осы қауымдастықтың көме­гі­мен үлкен стенд алып, баспагерлердің қа­ты­суына жағдай жасадық. Астанада өтетін көрмелерге де атсалысып жүрміз. Кейбір баспалардың үл­кен стенд алуға шамасы келе бермей­ді. Осындай жағдайда біз кө­мекке келе­міз, – дейді ол.

Әділ Қойтановтың жастармен жиі кез­­­десулерде байқағаны: олардың көп­­­­томдық кітаптарға әуестігі айтарлықтай жоғары деңгейде емес. Көбіне жас оқырман өз болмысы мен мәдениеті көрініс тапқан шығармаларға жақын келеді. Сондықтан жастардың кітапқа деген ынтасын арттыру үшін түрлі әдеби байқау ұйым­­­дастырылып жатыр. Сарап­­­­­шы­­­ның сөзінше, жазушылар соңғы уақытта он миллион тең­геге дейін сыйақы алып жүр. Мә­селен, «Айбоз» ұлттық әде­би сыйлығы бүгінде мемле­кет­тік марапат деңгейіндегі бә­секеге айналған. Тіпті, тек автор­лар ғана емес, оқырмандар арасында да түрлі жарыс өткізіле бастаған.

– Мысалы, Ұлттық кітап күніне орай баспалар арасында байқау өтеді. Бірнеше номинация бойынша марапаттар табыс­­­­­талады. Бұған дейін мұндай байқаулар тек авторлар арасында ғана ұйымдас­­­ты­рылатын. Ал кітапты басынан аяғына дейін дайын­дайтын баспалар елеусіз қалып қоятын. Былтырдан бері осы бір жақсы үрдіс қа­лыптаса бастады, – деді Ә.Қойтанов.

«Оқырманға ұсынар дүниенің салмағы болуы шарт»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде кітаптың адам өміріндегі айрықша орнын атап өтті. «Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, танымды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі. Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн» деді. Бұл ойды жазушы Сәуле Досжан да қуаттайды. Жазушының сөзінше, кітап оқыған адам рухани тұрғыдан байып, ой-өрісі кеңейіп, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан әр қаламгер шығарма жазу барысында «оқырман бұл туындыдан не үйренеді, қандай тағылым алады?» деген сауалға жауап іздеуі қажет дегенді алға тартады.

– Кітап пен кітапханашы екеуінің де илейтіні бір терінің пұшпағы ғой. Екеуінің көтерер жүгі де, атқарар миссиясы да ортақ. Кітапханашы – сол кітапты халыққа наси­хаттаушы. Шын мәнінде, кітап оқыған адам рухани тұрғыдан байиды, ойы толысады, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Демек, әр жазушы қалам тербегенде «оқыр­ман бұл шығармадан не түйеді, қандай тәлім алады?» деген сауалға жауап іздеуге тиіс. Кейде осы талаптың ескерусіз қалып жататыны қын­жылтады. Мәселен, «100 кітап» секілді іріктеулерде тәуелсіздік кезеңіндегі бірқатар маңызды шығарманың ескерілмей қалуы, тіпті Дүкенбай Досжанов сынды Мемлекеттік сыйлық лауреатының еңбектерінің назардан тыс қалуы – ойла­нарлық жайт. Бұл – кітап таңдауда сапа мен мазмұнға терең үңілудің қажеттігін көр­сетеді. Егер біз, шын мәнінде, кітап оқу мәдениетін қалыптастырғымыз келсе, оқырманға ұсынатын дүниенің де салмағы болуы шарт. Кітап халыққа не береді, ұлтты қай деңгейге көтереді, әлемге қалай таныта­ды – осы сауалдар әрдайым алдыңғы қатарда тұруы керек, – дейді қаламгер.

Соңғы жылдары кітап оқуға мүмкіндік те, оған бастайтын жолдар да кеңейгені байқалады. Жастардың кітап клубтары мен оқу топтары пайда болып, бірін-бірі кітапқа үндейтін орта қалыптасып келеді. Қаламгер Сәуле Досжан мұндай құбылыстың жиілеуіне кітапханашылардың қосқан үлесі басым екенін айтты. Сондай-ақ оқырман сұра­нысының артқанына байланысты жаңа баспалар пайда болып, көпшіліктің қалауын қанағаттандырып жүргенін де назардан тыс қалдырмады.

– Бүгінде жастар арасында кітапқа деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Кітапханашылар да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Олар тек кітап сақтаушы ғана емес, ірі мәдени жобалардың ұйымдастырушысы ретінде де танылып жатыр. Мәселен, Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында кәсіби мамандар түрлі мереке мен мерейтойларға арналған кештер, конференциялар өткізуге атсалысып келеді. Одан бөлек, біз бұрын балалар әдебиетін шығаратын баспалар жоқ деуші едік. Қазір ерекше дизайнда шығатын Ata Creative Hub баспасы балалар әдебиетін дамытуға үлес қосып келеді. Ал Steppe & World пен «Мазмұндама» әлем әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аударып, сұранысы да, сатылымы да жоғары баспаларға айналды, – деді ол.  

Кітап оқуға баулу тек үлкен жобалармен шектелмейді. Мәселен, Раиса Қадырдың кітап дүкені балаларға арнап әр сенбі сайын кітап оқу сағаттарын ұйымдастырады. Осындай шағын бастамалардың өзі үлкен мәдениеттің іргетасын қалайды. Өйткені кітап оқу мәдениеті дәл осындай қарапайым, бірақ жүйелі қадамдардан басталады.

Кітап индустриясы дамып келеді

Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының газетімізге берген мәліметінше, қазір елімізде 250-дей баспа және баспа ісімен айналысатын ұйымдар тіркелген. Соңғы бес жылда Қазақ­стан нарығында Cocobook баспасы 2022 жыл­дан бастап балаларға арналған танымдық  басылымдар, Abai баспасы 2021 жылдан бастап, Ata Creativе Hub баспасы 2024 жыл­дың 4 мамырынан бастап танымдық кітаптар шығарады. Baibol qazaq баспасы (2022), Khan comics баспасы (2022), Zerde publishing бас­­пасы (2022), Magauin publishing house  баспасы (2024),  Qasym баспасы (2020), Qyr  balasy баспасы (2023), Tentek publishing house (2023), Marfu Press баспасы (2022) әртүрлі бағыттағы кітаптарды жарыққа шығарып келеді. 

Кітап палатасының дерегіне сәйкес, кітап нарығында жарыққа шығатын кітап саны соңғы жылдары артып отыр. Оны мына ресми статистикалық көрсеткіш дәлелдейді: 2021 жылы – 5917 түрлі кітап, 2022 жылы – 4044 кітап, 2023 жылы – 4012 кітап, 2024 жылы – 5620 кітап шығарылса, былтыр әртүрлі бағыттағы 6206 кітап шықты.

Халықаралық баспагерлер қауымдас­­тығының мәліметі бойынша, әлемде кі­тап  шығару ең табысты бизнестің бірі саналады. Тіпті, киноиндустриядан келетін пайдадан да артық. Бүгінде дәл мұндай нәтижеге жете қоймасақ та, соңғы жылдары елімізде кітап нарығының өсіп келе жатқанын анық байқаймыз. Бұл құбылыс арамызда кітап оқуға құлшыныстың артып, сұраныстың жоғары екенін білдіреді.

Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының президенті Әділ Қойтановтың айтуынша, соңғы жылдары кітап нарығына оншақты жаңа баспа қо­сылып, соның нәтижесінде аударма әдебие­тінің де аясы кеңейе түскен. Бұрын қазақ авторларының балаларға арналған туынды­лары, не болмаса әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары ана тілімізде қолжетімсіз еді. Қазір жекелеген баспалар бұл олқылықтың орнын толтырып, шетелдік еңбектердің құқықтарын өз қаражатына сатып алып, аударып, оқырманға ұсынып жатыр.

– Нарыққа келіп, басын тасқа ұрып, кейін қайтып жатқандар да аз емес. Әуелде кейбірі кітап шығарып, сатып, байып кете­міз деген дүниеауи оймен келді. Алайда кітап – нан емес. Оны шығару да, тарату да, өткізу де қып-қызыл еңбек пен сауатты менедж­­­­­­­менттің, нақты стратегияның нәти­же­сінде ғана жүзеге асатын іс. Қазіргі оқыр­ман сұранысына сай безендірілуі өзгеше, мазмұны тартымды, нон-фикшн деп аталып жүрген танымдық кітаптарды жаңадан ашылған баспалар жақсы қолға алды деуге болады. Ал классикалық шығар­малар бұ­рынғыдай көп оқыла бермейді. Жалпы алғанда, нарықта сұраныс артты дегіміз келеді. Бірақ бәрі де кітаптың сапасына, оған салынған еңбекке байланысты екенін жасыра алмаймыз, – дейді Әділ Қойтанов.

Баспа саласында 50 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан библиограф-ғалым Қоңыр Мұқатайқызы кітап саласындағы үдерістердің барлығымен етене таныс. Ол Қа­зақстандағы баспа ісінің тарихына үңіліп, оның тамыры 1920 жылдың 4 қарашасынан бастау алғанын айтады. Дәл осы күні елімізде баспа ашу туралы қаулы қабылданып, тиісті ережелер бекітіліп, алғашқы баспа дүниеге келген еді. Сарапшы бүгінде шығарылып жатқан кітаптардың тек өнім ретінде ғана емес, эстетикалық құндылық ретінде де ұсы­ныла бастағанын тілге тиек етті. Айтуын­ша, бұл бағытта алдыңғы қатарда жүрген «Атамұра», «Аруна», «Алматыкітап» және «Арман ПВ» секілді баспалар бүгінгі күні халықаралық кітап шығару стандарттарын меңгеріп, сапалы әрі тартымды өнім ұсынып келеді.

– Бүгінде қазақ тілінде жарық көретін кітаптарға деген сұраныс айтарлықтай жоғары. Бұл үрдіс ресми статистикадан да айқын көрінеді. Мәселен, Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының жыл сайынғы деректеріне қарап отырсам, елімізде шығарылатын кітаптардың шамамен 70 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, ал қалған бөлігі өзге тілдерде басылады екен. Қазір отандық баспалар нарық талабына бейімделіп үлгерді деуге толық негіз бар. Жаңа авторлар­дың шығуы, кітап дүкендерінің заманауи форматқа көшуі, маркетингтің жандануы, халықаралық фестивальдарға қатысу секілді тың үрдістердің қалыптасуы – соның айқын дәлелі. Мәселен, Ұлттық кітап күні аясында өтетін халықаралық деңгейдегі фестивальдар да саланың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Жақында қазақстандық баспагерлер Болоньядағы кітап жәрмеңкесіне қатысып қайтты, – деді ғалым Қоңыр Мұқатайқызы.

Ұлттық кітап күнінің маңызы оның қоғамға берер нақты әсерімен өлшенеді. «Бұл күннің маңызы қандай?» деген сауалымызға Қ.Мұқатайқызы үш бөлімге жіктеп жауап берді. Біріншіден, оқу мә­дениетін қалыптастыру – ұлттың интел­лектуалдық деңгейін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Екіншіден, баспагерлерді қолдауға серпін берсе, үшіншіден, ұлттық брендті қалыптастырады. Яғни, «кітап оқитын ұлт» тұжырымын орнықтырып, кітап оқуды заманауи трендке әрі мақтанышқа айналдыруға ықпал етеді.

Кітапқа бетбұрыс апталығы

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, апталық аясында еліміз бойынша 1500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бағдарлама мазмұны да сан қырлы: «Артық білім кітапта…», «Сөз өнеріндегі өлкетану», Weekend. Book. Vibes, «Кітапхана түні» акциясы, «Кітап. Тарих. Шежіре» және «Кітап – достық амбассадоры» тақырып­­­тарымен жалғасып, 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен түйінделеді. Бұл күн тек мерекелік сипатпен шектелмей, қоғамның рухани да­муына серпін беретін мазмұнды бастамалармен ерекшеленуге тиіс. Осы орайда өткізілетін байқаулар, фестивальдар мен көрмелер науқаншылықтан гөрі, оқырман қызығу­шылығын арттыруға қызмет етуі маңызды.

Аталған мерекелік апталық аясындағы ең ірі мәдени шаралардың бірі – дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ASTANA EURASIAN BOOK FAIR халық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі. Бұл ауқымды алаңда оқушылар мен студенттер отандық және шетелдік қаламгерлермен кездесіп, пікір алмасып, қолтаңбалы кітаптарға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Көрме-жәрмеңке 22-27 сәуір аралығында күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін оқырман қауымға қызмет көрсетеді. Мұнда Қазақстан кітап нарығындағы үздік туындылар қол­жетімді бағамен ұсынылады. Апталық ба­рысында кітапханаларда тақырыптық көрмелер, әдеби кештер, таныстырылымдар мен түрлі мәдени бағдарлама ұйымдасты­­рылып, кітаптың қоғамдағы рөлін нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастамалар оқырман санын арттырумен қатар, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға оң әсерін береді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ