Теміржол құрамдарына ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған арнайы вагондар енгізіледі

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында көлік саласындағы инклюзивті саясатты жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Оның айтуынша, Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында көлікке қолжетімділікті қамтамасыз ету үш негізгі бағыт бойынша жүруде, олар – инфрақұрылым, көлік және қызмет көрсету. 

Теміржол көлігінде құрамдардың шамамен 90%-ы көтергіштермен және арнайы купелермен жабдықталған. 2030 жылға қарай әр құрамда кемінде бір мамандандырылған вагон болмақ.

Вокзалдарды реконструкциялау жөніндегі үлкен бағдарлама шеңберінде осы мақсаттағы қажетті элементтер көзделген, олар – пандустар, лифттер, көтергіш құрылғылар, сондай-ақ кассалық аймақтар мен санитарлық үй-жайлар қайта жабдықталмақ. 

Авиация саласында әуежайлардың қолжетімділік деңгейі артып келеді. Олар ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетудің негізгі шарттарымен қамтамасыз етілген.

Автомобиль көлігінде инклюзивтілік деңгейін кезең-кезеңімен арттыру жолға қойылған. Автовокзалдар мен автостансалардың шамамен 80%-ы, қалалық автобустардың 79%-ы қолжетімділік талаптарына сәйкес келеді.

Инватакси жүйесі де дәйекті түрде дамып келеді. Мұндағы автопарк 30%-ға ұлғайып, 1 426 бірлікке жетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.