Астанада қытай каллиграфиясы байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елші өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың тереңдеп келе жатқанын ерекше атап өтті.

Астанада Халықаралық қытай тілі күніне орай Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен Бейжің тіл және мәдениет университетінің Қазақстандағы филиалы бірлесіп «Халықаралық қытай тілі күні – 2026» мәдени іс-шарасын өткізді. Шараның негізгі мақсаты – Қытайдың бай дәстүрі мен мәдениетін насихаттау, гуманитарлық байланыстарды дамыту және Қытай мен Қазақстан халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайту, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сонымен қатар мәдени іс-шара аясында қазақстандық жастар арасында өткен «Жібек жолы және каллиграфия: қылқаламмен жазылған жастық шақ» атты қытай каллиграфиясы байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Жиынға Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин арнайы келіп, қатысты. Елші өз сөзінде Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың тереңдеп келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Байқауда топ жарып, жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын! Сонымен қатар қытай тілі мен мәдениетін сүйіп, ынтамен меңгеріп жүрген барлық студенттер мен оқушыларға ізгі тілегімді білдіремін.

Халықаралық Қытай тілі күні тілдердің өзара ықпалдастығын дамытуға, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және қытай тілінің Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.

20 сәуір Қытайдың дәстүрлі күнтізбесі бойынша «Гуюй» деп аталады. Бұл күн қытай жазуын жасаған Саң Цзені еске алуға арналған. Аңызға сәйкес, қытай иероглифтері дүниеге келген күні аспаннан дән жауып, түнде рухтардың үні естілген деседі. Осыған байланысты бұл күн Қытай тілі күні ретінде белгіленген.

Бұл мереке Біріккен Ұлттар Ұйымының Қытай тілі күнінен бастау алады. Биыл ол жетінші рет аталып өтіп отыр», –  деді елші Хань Чуньлин.

Бұл шара қазақстандық жастардың қытай каллиграфиясы өнері арқылы Қытай мәдениетіне деген қызығушылығын танытып, Қытай мен Қазақстан жастары арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтатын тұрақты алаң қалыптастыруға бағытталған.

Марапаттау рәсімінен кейін жиынға қатысушылар үшін қытай өркениетінің көпғасырлық мұрасы мен бай мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.