Өзін-өзі басқару жөніндегі заң жобасы қаралады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро оты­рысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Бірінші оқылымда «Қазақстан Респуб­­ликасындағы жергілікті мемлекеттік бас­қа­ру және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізу жөніндегі заң жобасын қарау ұсынылады. Құжатты Парламент депутаттары мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін құқықтық реттеу­ді жетілдіру, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысу деңгейін арттыру, сондай-ақ мәслихаттар мен әкімдіктер қызметінің есептілігі мен ашықтығын күшейту мақсатымен әзірледі. 

Сонымен бірге депутаттардың талқы­ла­уына 2025 жылғы 29 мамырда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Оман Сұл­тан­дығының үкіметтері арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қа­тысты қосарланған салық салуды бол­дыр­мау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім және оның Хатта­масы енгізіледі. Құжаттар салық төлеуден жалтаруға қарсы іс-әрекет бөлігінде ха­лық­аралық стандарт­тарды сақтауға және екі елдің құзыретті органдары арасында тиімді ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге бағытталған. 

Бұдан бөлек, депутаттар 2024 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың және үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді қарайды. Құжат ЕАЭО мен үшінші елдердің кедендік шекаралары арқылы тауар тасымалдау кезінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін бірыңғай транзиттік жүйені қалыптастыруды көздейді.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы бойынша Мәжіліс «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім­ді ратификациялау туралы» жаңа заң жобасын да жұмысқа қабылдайды.

Тілек ҚАБЫЛ