Алматыда «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды

Орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық зерттеу хабын қалыптастыру және «жұмсақ ғылыми инфрақұрылым» желісін құру.

Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жанынан Тұран университетінің базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ресми ашылуы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық зерттеу хабын қалыптастыру және «жұмсақ ғылыми инфрақұрылым» желісін құру. Яғни, бұл тек халықаралық орталық қана емес, бұл – бүкіл елді және халықаралық академиялық кеңістікті қамтитын көпдеңгейлі ғылыми желінің іргетасының қалануы.

Салтанатты жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құттықтау сөзінде бұл күннің тарихи маңызы ерекше атап өтілді. Министр халықаралық зерттеу орталығының ашылуы отандық гуманитарлық ғылымның жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға екенін жеткізді. Бұл бастама алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында академиктермен өткен кездесуде ұсынылып, бұл жоба қысқа уақыт ішінде халықаралық зерттеу орталығына айналып отыр. Сонымен қатар орталықтың ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрылымында, «Тұран» университеті базасында ашылуы оның маңызын арттыра түседі. Аида Ғалымқызы орталық қызметі Ұлы даланың өркениеттік мұрасын зерттеуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдіріп, ұжымға табысты жұмыс тіледі.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев жаңа Конституцияның преамбуласындағы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап...» деген сөздер мемлекетіміздің терең тарихи және өркениеттік негізін айқындайтынын атап өтті.

Орталық ашылуына  ҚР ҰҒА президенті  әлемдік тәжірибеде тиімділігін дәлелдеген Конфуций, Гете және Юнус Эмре институттарын мысалға келтіре отырып, орталық үш деңгейлі модель негізінде жұмыс істейтінін баса айтты: Ұлттық ғылым академиясы басқаратын орталық ғылыми хаб, ел ішіндегі университеттер мен ғылыми ұйымдарды біріктіретін ұлттық желі, сондай-ақ шетелдік алаңдарда құрылатын «Тұран орталықтары» мен «Тұран кафедралары».

Сонымен қатар ол  Turan Civilization Digital Atlas платформасы, цифрлық архивтер мен жаңа білім беру бағдарламалары арқылы GIS, жасанды интеллект және интерактивті картографияны гуманитарлық зерттеулерге енгізу көзделетінін, бұл ғылыми нәтижелердің кең қолжетімділігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл бастама Қазақстанның халықаралық гуманитарлық беделін арттырып, Ұлы дала өркениетін жаһандық ғылыми кеңістікте танымал брендке айналдыру арқылы елдің зияткерлік имиджін нығайтатынын алға тартты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек өз сөзінде «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтап, бұл орталықтың құрылуы – Ұлы даланы тұтас өркениеттік кеңістік ретінде ғылыми тұрғыдан зерделеуге, Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын жаңаша пайымдауға және заманауи технологияларды гуманитарлық зерттеулермен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Аталған бастама ғылым, білім және сараптамалық қызметтің өзара ықпалдасуын күшейтіп, отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді деп сенімін білдірді.

Іс-шараға  Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Түркияның консулдары мен дипломатиялық өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, академиктер мен жетекші сарапшылар қатысты. Ұлы даланы тұтас өркениеттік аймақ ретінде пәнаралық тұрғыдан зерттеу мәселелерін талқылап, «Тұран өркениеті» ғылыми парадигмасының әдіснамалық негіздерін айқындады. Негізгі назар Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын, өркениеттік сабақтастықты, тарихи жадыны цифрландыруды, гуманитарлық зерттеулерге заманауи технологияларды енгізуді, сондай-ақ ғылым, білім және сараптамалық қызметті ықпалдастыру мәселелеріне аударылды.

Орталықтың ашылуына орай салтанатты іс-шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара барысында түрлі этностардың мәдени мұрасын танытатын музыкалық және хореографиялық қойылымдар көрсетіліп, «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылу салтанатына ерекше сән мен мазмұн берді.