Соңғы уақытта Байқоңырдағы тұрғындар арасында басқа қалаларға көшу белең алып барады. Мәселен, 2018 жылы қаладағы қазақстандықтардың саны 54 мың болса, былтырғы статистика 39 мың тұрғын қалғанын көрсетті. Көбіне жұмысқа қабілетті жастар қоныс аударға мәжбүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Байқоңырға барғанымызда көпқабатты үйлердің сыртқы көрінісіне қарап, селк ете қалдық. Терезелердің орнын кірпішпен өріп тастапты. Қаңырап, тозып кеткен ғимараттар да көп. Бұл көріністерден бойымызды үрей биледі.
Қараусыз, иесіз қалған үйлер көп екені көрініп тұр. Алайда соған қарамастан, бос тұрған баспаналар жекеменшікке берілмейді екен. Байқоңырдағы халықтың басқа жаққа көшіп кетіп жатқанының бір себебі – осы. Осыған байланысты тұрғындар биліктен бұл мәселені қайта қарауды сұрайды.
«Егер пәтерлерді жекешелендіруге мүмкіндік берсе, мүлкімізді кепілге қойып, кәсіп бастауға немесе шаруашылықпен айналысуға мүмкіндік алар едік, ал бұл үлкен қолбайлау болып тұр. Бізде Президенттің 1995 жылғы Жарлығына байланысты пәтерлер жекешелендірілмейді. Егер үйлерімізді жекешелендіріп берсе, балаларымыз жұмыс істеп жатыр, сол үйді кепілдікке қойып, кәсіп ашуға болар еді», – дейді қала тұрғыны Кеңшілік Күзембаев.
Тұрғындардың Байқоңырдан кетуінің тағы бір себебі – бұл жақта кәсіп бастау қиын. «Cалық жүктемесі көп», – дейді тұрғындар. Байқоңыр жалға берілген аймақ болғандықтан, кез келген кәсіпкер өз ісін бастау үшін Ресей Федерациясының салық жүйесіне тіркелуі қажет. Көп жағдайда кәсіпкерлер бұл талапты орындай алмайды, өйткені олар тауарды Қазақстаннан да алады, салдарынан екі жаққа салық төлеп, шығынға ұшырайтындарын айтады.
Қармақшы аудандық мәслихатының депутаты Шолпан Дәуленбаева бұл жағдайды былай түсіндірді.
«Байқоңыр қаласындағы көп мекеменің жері жекешелендірілмеген. Мекеме өзінікі, бірақ жер Ресей Федерациясының атына тіркелген. Сол себепті кәсіпкерлер үшін қалада бизнес ашу шектеулі. Егер жер мәселесі шешіліп, Байқоңыр Қазақстанға толық берілсе, қала гүлденіп, әлеуметтік жағдай жақсарады», – дейді.
Байқоңыр халқы үшін қиындық тудырып тұрған тағы бір мәселе – қымбатшылық. Бұл жақта сауда-саттық Ресей рублімен жасалады және ғарыш айлағына қарасты мекеме қызметкерлеріне жалақы рубльмен беріледі. Ал зейнетақысын теңгемен алатын қазақстандық зейнеткерлерге дүкендегі баға айтарлықтай салмақ салып тұр.
Қымбатшылық салдарынан байқоңырлық тұрғындар ақшасын үнемдеу үшін Төретам кентіне барып, азық-түлікті сол жақтан әкеледі екен.
Байқоңырда коммуналдық қызметтердің бағасы да көрші аймақтармен салыстырғанда қымбат.
«Су бағасы бір текше метр үшін 835 теңге, ал жақын маңдағы Төретам мен Ақай қалаларында бір текше метр судың бағасы 30 теңге, Қызылорда қаласында 77 теңге», – дейді тұрғындар.
Жалпы, Байқоңырда жұмыссыздық мәселесі де ушығып тұр. Сол себепті қаладағы жастардың көбі Астана, Алматы секілді мегаполистерге кетіп жатыр. Қалада тұратындардың басым бөлігі ғарыш айлағында жұмыс істейтін мамандар мен қарттар.
Аталған мәселелер бойынша біз облыстық мәслихат депутаты Ерлан Қалиевпен сұхбаттастық. Оның айтуынша, Байқоңыр қаласының басқару моделі ерекше мәртебеге байланысты қалыптасқан.
«Қалада аудандық немесе қалалық деңгейдегі депутаттар жоқ. Бұл Байқоңырдың арнайы құқықтық статусымен байланысты. Сондықтан өкілдік тек облыстық мәслихат деңгейінде жүзеге асады», – дейді депутат.
Сонымен қатар өзі ай сайын тұрғындарды қабылдап, өтініштерін жинайды екен. Депутаттың айтуынша, Байқоңыр аумағында кеңестік кезеңнен қалған бірқатар техникалық құрылғы әлі күнге дейін толық жойылмай, сақталып отыр. Әсіресе, ірі ғимараттар мен ғарыш саласына арналған нысандарда қолданылған ескі өрт дабылқаққышы мен жарықтандыру жабдықтарының бір бөлігі қоймаларда қалған. Оның сөзінше, бұл құрылғылардың кейбірінде радиациялық қауіп болуы мүмкін, алайда олардың қазіргі жағдайы толық тексерілмеген.
«Негізгі мәселе олардың нақты қаншасы бар екені, қай деңгейде қауіпті екені толық зерттелмеген. Бізде тіпті барлық нысан бойынша толық инвентаризация жасалған жоқ. Бірі “қауіпті емес” дейді, бірі “сақтаулы тұр” дейді, бірақ нақты дозиметрлік өлшеу жүйелі түрде жүргізілмеген», – дейді ол.
Облыстық мәслихат депутаты бұл жағдайды 2022 жылдан бастап көтерген, оның пікірінше мәселе ведомстволар арасындағы жауапкершіліктің бөлініп кетуіне байланысты күрделеніп отыр.
Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, түпкілікті шешім қабылданса, Байқоңырдағы ескі техникалық құралдар біртіндеп қауіпсіз түрде жойылып, арнайы экологиялық бақылау жүйесі енгізілуі мүмкін. Жалпы, байқоңырлықтар биліктен пәтерлерді жекешелендіруге мүмкіндік беруін, коммуналдық қызметтер бағасын қадағалауды, кәсіп ашудағы қиындықтарды оңтайландыруды сұрайды. Қазіргі уақытта бұл мәселелер әкімшілік және құқықтық деңгейде қаралуда. Бірақ тұрғындардың мәселесі нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз.
Бұған дейін де «Айқында» Байқоңыр қаласының қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы мақала жарияланған болатын. Алақандай ғана аумақты алып жатқан Байқоңырдағы тіршілік көпке беймәлім. Жері қазақтікі болғанымен, заты 50 жылға Ресей меншігіне берілген бұл аумақтың әрбір сай-саласы мен тау-тасы қатаң бақылауға алынған. Тұрғылықты халқының өзі қалаға кіріп-шығу үшін арнайы рұқсат қағазын қалтасына салып жүреді. Ал сырттан келетін қонақтарға күні бұрын арнайы құжат дайындатып, тексерістен өткізуге мәжбүр.
Қарақат БАҚТЫЛОВА
Фото авторы: Аружан РАШИТҚЫЗЫ