Партиялық бақылау: Таразда мектеп ғимараты мерзімінен бұрын қолданысқа берілді

Партиялық бақылау – әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. 

2025 жылдың наурыз айында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Тараз қаласында орналасқан №15 орта мектепке жапсарлас 300 орындық қосымша нысанның құрылысы 1 жылдан бері аяқталмай жатқанын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізген. Бүгінде 781 оқушы білім алатын мектепте орын тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып келген еді. Осыған байланысты қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындап, партияның бастамасымен бұл мәселе шешімін тапты. Нәтижесінде, 300 орындық жаңа нысан бой көтеріп, білім беру процесіне оң әсерін тигізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жаңа ғимарат заманауи талаптарға толық сай келеді. Мұнда кең әрі жарық оқу кабинеттері, арнайы жабдықталған пәндік сыныптар, шеберханалар және оқушылардың дене шынықтырумен айналысуына арналған спортзалы бар.

Барлық кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған. Бұл өз кезегінде балалардың сапалы білім алуына және олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынған барлық нысан тұрақты бақылауда. Бұл 300 орындық мектептің жапсарлас құрылысы да басталған сәттен бастап «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлоыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің ерекше бақылауында болды. Құрылыс кезеңінде арнайы бақылау посты құрылып, жауапты мердігер ұйыммен тығыз байланыс орнатылды. Соның нәтижесінде құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзіміне 1 ай бұрын аяқталды.

Ендігі негізгі міндет – осы ғимаратты тиімді пайдаланып, оның оқушылар игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етуін қадағалау.

Айта кетейік, партиялық бақылау – әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып, оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы нақты қадамдар жүзеге асырылуда.

Партия өкілдері мектеп әкімшілігімен кездесіп, жаңа ғимаратты тиімді пайдалану, оны күтіп ұстау және материалдық-техникалық базасын сақтау мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар  мердігер компанияның жұмысына қатысты ұсыныстар мен пікірлерді тыңдауға дайын екендіктерін білдірді.