Ынтымақтастық жоғары деңгейге жетті

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз Астанада сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысын өткізді. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы сауда, инвестиция және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды.

Тараптар тауар айналымын арттыру мен экономикалық байланыстарды әртараптандыруға басымдық беріп отыр. «Түркия – Қазақстанның бес негізгі сауда серіктесінің бірі. Елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылы 9%-ға артты», – деді Олжас Бектенов. Оның айтуынша, Қазақстан экспортты шикізаттан өңделген өнімдерге көшіруге мүдделі.

Өз кезегінде Джевдет Йылмаз екі елдің байланысы тек экономикамен шектелмейтінін атап өтті. «Қазақстан мен Түркия – ортақ тарих пен мәдениет біріктірген стратегиялық серіктестер. Бүгінгі кездесу болашақтағы ынтымақтастықтың нақты жол картасын айқындайды», – деді ол.

Кездесуде көлік және логистика саласына ерекше назар аударылды. Орта дәліз арқылы жүк тасымалы соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Бұл бағыттағы инфрақұрылымды жаңғырту екі ел үшін ортақ басымдық ретінде белгіленді.

Сондай-ақ энергетика, агроөнеркәсіп, цифрландыру және денсаулық сақтау салаларында жаңа жобаларды іске асыру мәселесі көтерілді. Бүгінде жалпы құны $4 млрд болатын 98 жоба жүзеге асырылып жатыр, тағы ондаған бастама дайындық кезеңінде.

Келіссөз қорытындысында тараптар ынтымақ­тастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласып, үкі­метаралық комиссия хаттамасына қол қойды.