Солтүстік Қазақстанда полицей мұздай суға түсіп, 86 жастағы зейнеткерді алып шықты

Саумалкөл ауылының тұрғыны кешкісін үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған соң, көршілері полицияға хабар берген.

Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары түнгі уақытта адасып, мұздай суға түсіп кеткен 86 жастағы қарияны тауып, аман алып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Саумалкөл ауылының тұрғыны кешкісін үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған соң, көршілері полицияға хабар берген. Іздестіру барысында әжей аудан орталығынан бірнеше шақырым жердегі жол маңынан табылды.

Белгілі болғандай, қария еріген қар суы жиналған орға түсіп кетіп, өздігінен шыға алмай қалған. Полицейлердің бірі мұздай суға түсіп, оны арқалап алып шықты. Қатты тоңып, әлсіреген зейнеткерге көмек көрсетіліп, үйіне жеткізілді.

Полицияның жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, қария аман-есен құтқарылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.