"Миы шайқалып, көзіне ота жасалды": Таразда 15 жастағы оқушыны сыныптастары жабылып, аямай сабаған

Жасөспірімді сыныптастары киім ауыстыратын бөлмеге алдап кіргізіп, кейін оған күш қолданған.

Таразда 15 жастағы оқушыға жасалған шабуыл қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Туыстарының айтуынша, оқиға сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Жасөспірімді сыныптастары киім ауыстыратын бөлмеге алдап кіргізіп, кейін оны аямай сабаған.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда бастапқыда әңгіме болғаны, алайда көп ұзамай оның жанжалға ұласып, соңы соққыға айналғаны көрінеді. Жәбірленушіні басынан ұрған, ал оған көмектеспек болған досына араша түсуге мүмкіндік берілмеген.

Зардап шеккен оқушының анасы баласының ауыр жарақат алғанын мәлімдеді. Дәрігерлер оған ми шайқалу диагнозын қойып, көзіне күрделі ота жасаған. Қазіргі таңда оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Мамандар алдағы бірнеше күн шешуші кезең екенін айтып отыр.

Отадан кейін жасөспірім есін жиғанымен, оқиға туралы толық мәлімет бере алмай отыр. Оның сөзінше, шабуыл жасағандардың қолында металл зат болуы мүмкін.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сонымен қатар оқиғаға қатысы бар басқа жасөспірімдердің ата-анасын жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылып жатыр.