«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс отырысында өзін «билер кеңесі» немесе «би» деп атайтын қоғамдық ұйымдардың қызметін тексеруді ұсынып, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, тарихи тұрғыда билер институты әділдік пен даналықтың символы болғанымен, қазір бұл атауды жамылған кейбір ұйымдардың әрекеті қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Ол мұндай құрылымдардың кейде құқықтық мәселелерге араласып, ресми мемлекеттік органдардың функцияларын қайталап жатқанын атап өтті.
– Атап айтқанда, өзін «билер алқасы» деп таныстырған топтың даулы әрекеттері, сондай-ақ лицензиясы жоқ адамның өзін заңгер ретінде таныстырып, азаматтарды адастыру фактілері қоғамда резонанс тудырды. Мысалы, елімізде ондаған «билер» ұйымы жұмыс істейді және олардың мүшелері мыңдап саналады. Алайда олардың қызметінің құқықтық шекарасы нақты айқындалмаған. Сондықтан «билер», «билер кеңесі», «бас би» атауын қолданатын ұйымдардың заң талаптарын сақтауын тексеру; олардың мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың функцияларын қайталамауын бақылауды; құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын мәселелерге араласуына жол бермеуді; қоғам бірлігіне нұқсан келтіретін ұйымдарға құқықтық баға беруді сұрймын, – дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың пікірінше, құқықтық мемлекет жағдайында дауларды шешу тек заң аясында жүзеге асуы тиіс, ал қоғамдық ұйымдардың төрелік айтуы екіұдай пікір қалыптастыруы мүмкін.